Ұлыбритания билігі Ресейдің барлау агенттіктерінің тапсырысы бойынша тыңшылық жасады деп күдіктеніп отырған болгариялықтарға қатысты сот Лондонның орталық қылмыстық сотында жалғасып жатыр. Олардың Бергей Рысқалиевке қандай қатысы бары да айтылды. Бұл туралы BBC жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Басылым мәліметінше, прокурорлар бұл адамдар Германиядағы америкалық әскери базаны қадағалап, Ресей билігінің қарсыластарын, соның ішінде журналистерді бақылауды ұйымдастыруға тырысты деп санайды.
«Сотқа 33 жастағы Катрин Иванова, 30 жастағы Ваня Габерова және 39 жастағы Тихомир Иванчев келді. Олар айыптауды жоққа шығарады. Күдіктілердің екеуі — 46 жастағы Орлин Русев пен 43 жастағы Бизер Жамбазов тыңшылық жасағанын мойындады», — деп жазылған басылым мәліметінде.
Басылым дерегіне сүйенсек, бұл топ Ресейдің арнайы қызметтерінің тапсырысы бойынша 2020 жылдың тамызынан 2023 жылдың ақпанына дейін операциялар орындаған.
«Тергеу мәліметтері бойынша бұл желіні Австрия азаматы және Wirecard компаниясының бұрынғы операциялық директоры Ян Марсалек есімді адам басқарған, ол Германияда алаяқтыққа қатысты айыппен іздестіріліп жатыр. 2020 жылы Марсалек Еуропадан Минскіге қонған жеке ұшақпен қашып кетті. Ресейлік барлау оған қашуға көмектесті деп саналады», — деп жазылған деректе.
BBC дерегінше, олардың Ұлыбританияға қашып келіп, саяси баспана алған қазақстандық саясаткер Бергей Рысқалиевке де әсері болған.
«Айыптау мәліметтері бойынша, күдіктілер Ресейдің Қазақстанмен байланысын нығайту үшін Рысқалиевті де аңдыған.
Тергеу мәліметтері бойынша күдіктілердің тағы бір операциясы Лондонда орналасқан Қазақстан елшілігіне бағытталған. …Прокурорлардың пікірінше, бұл да Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған», — деп жазылған деректе.
Айта кетейік, Бергей Рысқалиев — Атырау облысының бұрынғы әкімі.