Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің есебінен кейін республикалық жолдардың сапасын қатаң сынға алды. Үкімет басшысы компания жетекшісіне қордаланған кемшіліктерді дереу түзетуді тапсырып, нәтиже болмаған жағдайда қызметінен босатылатынын ашық ескертті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кемшілігі көп есеп және Премьер-министрдің ескертуі
Отырыста «ҚазАвтоЖол» басшысы республикалық тасжолдардағы қауіпсіздік шаралары туралы есеп берді. Басқарма төрағасының мәліметінше, соңғы сегіз айда көлік қозғалысының қарқыны 30 пайызға өскеніне қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны 10 пайызға, ал қаза тапқандар 14 пайызға азайған.
Алайда Үкімет жетекшісі ресми баяндамада көзбояушылық басым екенін әрі нақты проблемалар жасырылып қалғанын айтты. Ол Президенттің елдегі жол құрылысына қатысты өткір сыны ұлттық компанияға тікелей қатысты екенін қадап көрсетті.
«Баяндама жақсы. Бірақ шешімін таппаған проблемалық мәселелер өте көп. Олар туралы сіз айтпадыңыз. Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасын жақсартып, жағдайды түзету қажет. Жұмыс істеңіз, әйтпесе бұл жұмысты басқа адамдар атқарады», – деп ескертті Олжас Бектенов.
Жолдардың тек 16 пайызы ғана талапқа сай
Үкімет отырысында жол қауіпсіздігіне қатысты өзге де дабыл қағарлық мәліметтер жария болды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің дерегінше, еліміздегі күрежолдардың небәрі 16 пайызы ғана заманауи талаптарға жауап береді.
Қазақстандағы жол апаттарынан көз жұматындардың тең жартысына жуығы республикалық маңызы бар тасжолдардағы қайғылы оқиғаларға тиесілі. Әсіресе Жамбыл және Алматы облыстары аумағындағы бағыттарда адам өлімі аса жоғары деңгейде қалып отыр.
Полиция жолдарды ойдағыдай күтіп-ұстамағаны үшін 5 мыңға жуық лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олардың арасында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өңірлік филиалдарының 345 жетекшісі бар. Бұған қоса, жол инфрақұрылымының сапасыздығына қатысты төрт қылмыстық іс тергелуде.
Ауыр жүк көліктері мен бақылау шаралары
Ұлттық компания басшысы Дархан Иманашев жол төсемінің тез бұзылуына шектен тыс жүк тиеген ауыр көліктер себеп болып жатқанын алға тартты. Қыркүйек айының басынан бері трассаларда орнатылған автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау станциялары 4 мыңнан астам заңбұзушылықты тіркеген.
Қазір тасжолдарда осындай 46 станция жұмыс істеп тұр. Алайда жүргізушілер бақылаудан жалтару үшін заңсыз айналма жолдарды пайдаланып, өлшеу құрылғыларын айналып өтуге тырысады. Компания осыған байланысты автоматты бақылаудан әдейі жалтарғандарға заңнамалық жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынды.
Сонымен бірге жүргізушілерге ескерту жасау үшін жолдарға 56 лазерлік құрылғы қойылып, 3 мың шақырымға жуық қоршау тартылған. Дегенмен Үкімет басшысы бұл шаралардың жеткіліксіз екенін, қоғам ең алдымен сапалы әрі қауіпсіз тасжолдарды күтіп отырғанын нақтылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







