Қазақстанның бірқатар өңірі жылу маусымына дайын емес. Премьер Бектенов қысқа дайындықты созбалаңға салған басшыларды сынға алып, жұмысты жүрдектетуді бұйырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметбасы жылыту маусымының басталуына әрі кетсе бір ай қалғанын еске салды. Соңғы мәлімет бойынша, Көкшетау, Теміртау және Жезқазған қалаларында күрделі жағдай байқалады. Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілерін жөндеу қарқыны да көңіл көншітпейді.
«Қолымдағы ақпаратқа сәйкес, бірқатар өңірде жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтамау қаупі бар», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы биыл энергетикалық нысандарды жөндеуге 851 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Бұл былтырғыдан 60 пайызға көп. Соның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы шамамен 384 миллиард теңге бөлінген. Аталған сома 2025 жылғы жөндеу науқанына бағытталған қаражаттан 15 пайызға артық.
Бектенов осынша қаржы бөлініп отырған кезде жөндеу мерзімін кейінге шегеруге, жұмысты баяу жүргізуге немесе қаражатты игермей қалуға жол берілмейтінін қатаң ескертті.
«Мұншама көлемде ақша құйып отырғанда жөндеу мерзімін шегеру, жұмыстың төмен қарқыны және бөлінген қаражатты игермеу ақылға сыймайды», – деді премьер-министр.
Ол өңірлердегі арнайы штабтардың жұмысын да сынға алды. Үкімет басшысының сөзінше, кей облыста қысқа дайындық штабы нақты мәселе шешудің орнына жауыр есеп берумен ғана шектеліп отыр. Енді әкімдер әр нысандағы жұмысты тұрақты бақылап, кідірістің себебін анықтап, жедел шешім қабылдауға тиіс.
Премьер-министр энергетикалық нысандарды жөндеу мерзімін қайта-қайта ұзарту төмен атқарушылық тәртіптің және қажетті шаралардың дер кезінде қабылданбағанының белгісі екенін атап өтті.
«Әкімдер? Энергия көздерін жөндеу мерзімін ұзарту тәжірибесі әлі де сақталып отыр. Бұл атқарушылық тәртіптің төмендігін және шаралардың кеш қабылданғанын тікелей көрсетеді. Энергімин әрбір осындай жағдай бойынша әкімшілік шара қолдансын. Жөндеу науқанын бұзған немесе созған басшылардың жауапкершілігі де қаралуы қажет», – деді Бектенов.
Бұған дейін әкімдерге жылумен қамту нысандарын жөндеуді тамыздың соңына дейін аяқтау міндеті қойылған еді. Бектенов сол кезде артық бюрократияға жол бермей, барлық конкурс рәсімін жедел өткізу керектігін ескерткен. Сонымен бірге жылыту маусымына дайындық үшін Үкімет резервінен 25 миллиард теңге бөлу мақұлданған болатын. Қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жылу көздерін салу мен жөндеуге, сондай-ақ төрт өңірдегі шамамен 30 шақырым жылу желісін қалпына келтіруге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







