Батыс Қазақстан облысында қазақ киносының онкүндігі басталды. Шара аясында БҚО тұрғындарына отандық киноның жетістігі мен қазақстандық режиссерлердің туындылары ұсынылатын болады. Мұндағы әрбір кинокартина мемлекет тарихындағы негізгі кезеңдерді баяндап, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірін таныстырмақ,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Маңызды шараның ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Әділет Омаров пен белгілі режиссер Талғат Теменов, аймақтағы мәдениет саласының өкілдері мен зиялы қауым қатысты.
Шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев отандық кинематографияны насихаттау жөніндегі жұмыстың маңызын атап өтті:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда киноиндустрияны дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударған болатын. Бұл бағыт – жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мен қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды тетігі. Өңірлерде мемлекет қаржыландыратын фильмдерді ұлттық киноны кеңінен насихаттауға көмектеседі».
Сонымен қатар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Әділет Омаров Кино күндері аясында ұсынылатын фильмдерге тоқталды.
«Бүгінде қазақстандық кино шығармашылық өрлеу кезеңін бастан кешіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ министр Аида Ғалымқызы Балаеваның жүйелі қолдауының арқасында біз сапалы фильмдер түсірумен қатар, ұлттық мәдениетке қолжетімділікті арттыруды жалғастырудамыз. Тарих беттерін ашып көрсететін картиналар ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтуда, сондай-ақ мәдени мұраны сақтауда маңызды рөл атқарады. Ал Орал қаласында онкүндіктің ашылуы осы жолдағы маңызды қадам.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақтың қайсар қыздары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туған жерінде біз алдымен «Қара қыз» көркем фильмін ұсынуды жөн таптық. Бұдан бөлек, қоржынымызда тағы бірнеше фильм бар. Осылайша, біз Орталықтың қолдауымен түсірілген барлық жобаның көрерменге жетуін қалаймыз. Бұл бағытта облыс орталығы ғана емес, аудан, ауылдар бойынша арнайы көрсетілім кестесі жасалды, әкімдіктің қолдауымен бірлесе жұмыс жүргізетін боламыз», – деді Әділет Омаров.
Отандық кино онкүндігінің бірінші күні көрермендерге белгілі режиссер Талғат Теменовтың «Қара қыз» фильмі ұсынылды. «Қара қыз» – қаһармандық туралы фильм. Мұнда соғыс жылдарының шындығымен қатар қан майдан ортасында жанкешті ерлік көрсеткен батырларымыз бен тылда жүріп қыруар еңбек еткен азаматтардың адами құндылықтарын баяндайды.
«Соғыстың қасіреті, адамзат жанына салған жарасы ешқашан жазылмақ емес. Сол секілді осынау бейбіт өміріміз үшін жанын беріп, майдан даласында қыршыннан қиылған боздақтардың ерен еңбегін де мәңгілік жадымызда сақтау – парызымыз. Ал мұндай фильмдерді жер-жерде ұсыну оң бастама, әсіресе жас ұрпақ мұны көрсе, өзгеше ой түйсе дейміз», – деді фильмнің режиссері.
Бұған дейін Қазақ киносының онкүндігі Қарағанды облысында басталып, Жамбыл, СҚО-да жалғасын тапты. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасып, еліміздің өзге қалалары мен ауылдық округтерінде де ұйымдастырылмақ. Шара аясында әртүрлі жанрдағы фильмдер ұсынылады. Жекелей жіктесек, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» фильмдері арқылы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қанығуға болады. Ал «Бауырына салу» деп аталатын кинода дәстүріміз дәріптеліп, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімі еселенбек. Кішкентай көрермендерге «Тайқазан» деп аталатын анимациялық туынды көрсетіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен 117 картинаның өндірісі аяқталды. Оның 72-сі – көркем, 37-сі – деректі, 8-і – анимациялық фильмдер.