Ақордада президент Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және алдағы үш жылға арналған бюджетті жоспарлау мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы 2027–2029 жылдардағы бюджетте инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар құрылысына басымдық беруді тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.
Президентке экономикадағы қазіргі ахуал, 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және осы кезеңдегі республикалық бюджеттің негізгі параметрлері баяндалды.
Бектенов? Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына биылға белгіленген экономикалық өсім көрсеткіштеріне жету міндетін қойды. Сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджеттердің кірісі мен шығыны арасында тепе-теңдік сақталуға тиіс екенін ескертті.
Мемлекет басшысы алдағы 3 жылдық бюджеттің негізгі басымдықтарының бірін де айқындады. Қаржы бірінші кезекте инфрақұрылым мен халыққа тікелей қызмет ететін әлеуметтік нысандарды жедел салуға бағытталмақ.
Олардың қатарында ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандары бар. Президенттің тапсырмасы бойынша мұндай жобалардың құрылысы қалыптасқан қажеттіліктің соңынан ілеспей, сұранысты алдын ала есепке ала отырып жүргізілуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







