Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты, экс-министр Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесін «тесік қайыққа» теңеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутат сөзін аллегориядан бастады.
«Өзенде жүзіп келе жатқан қайықты елестетіп көріңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, ішіне су толып жатыр. Ішке кірген су тоқтайтын емес. Қайықшы оны жамаудың орнына, шелекті алып суды сыртқа төгумен ғана әлек. Бірақ су тоқтамайды, қайық бата береді, өйткені бұл әрекет нәтиже бермейді.
Міне, дәл осындай жағдай қазір МӘМС жүйесінде орын алып отыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына, тек оның салдарымен ғана күресуде. Жүйелі реформалар орнына – уақытша шаралар», — дейді Аймағамбетов.
Депутаттың пікірінше, бұл жүйеге стратегиялық көзқарас жетіспейді. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр.
Асхат Аймағамбетов мынадай мысалдар келтірді:
- МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін?
- Бұдан да сорақы жағдай: басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп клиника қордан ақша сұраған.
- Тағы бір кейіс – бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған.
«Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді, себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес», — деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бұл жүйеде неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиника соғұрлым көп пайда табады.
«Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма?» деген ойда қаласың. …Бұл мәселелердің жүйелік сипаты бар және оларды жүйелі түрде шешу қажет», — деді ол.