Жамбыл облысында болған ауыр жол апатына қатысы бар екені айтылған Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек алғаш рет үн қатты. Ол оқиға кезінде көлікте әйелімен бірге болғанын жанама түрде растап, зардап шеккен азаматтың туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Базарбектің сөзінше, жол апатына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Өзі мен жұбайы тергеу деректерін жарияламау жөнінде қолхат бергендіктен, оқиғаның егжей-тегжейін әзірге ашып айта алмайды.
«Тергеу жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуін күтіп отырмыз. Тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайына заң аясында әділ әрі объективті баға береді деп сенемін», – деді ол.
Экс-депутат қазіргі басты міндеті зардап шеккен азамат пен оның отбасына қолдау көрсету екенін атап өтті.
«Мен үшін қазір ең маңыздысы зардап шеккен адамның туған-туысының жанында болып, қажетті көмек көрсету. Бірнеше тәулік бойы іс жүзінде көз ілмедік. Оның жақындарымен бірге сауығып кетуін тілеп, дұға жасап жүрміз», – деп жазды Бақытжан Базарбек.
Ол шұғыл медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігі мен Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс білдірді. Сондай-ақ желіде тараған түрлі болжамға ермей, тергеудің ресми қорытындысын күтуге шақырды.
Контекст
Жол апаты 15 тамызда Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota көлігін басқарған Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен 36 жастағы азамат аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, жағдайы ауыр деп бағаланған.
Бейресми деректе жолда бұған дейін басқа көлік сиырды қағып кеткені, бірнеше адам малдың өлексесін жол жиегіне шығаруға кіріскен кезде олардың бірін Toyota RAV4 басып кеткені айтылған. Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







