Алматыда Justking31 лақап атымен танымал блогер Нұрбек Нұртаза заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін айыппұл арқалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, оның парақшасында күн сайын екі қабатты үй, смартфон және ақшалай жүлде ойнатылып отырған. Қатысу үшін азаматтар «Oilan Lab» ЖШС ұсынған «оқыту курсына» 29 990 теңге төлеуге міндеттелген. Ал жеңімпаздар кездейсоқ тәсілмен, нақтырақ айтқанда «Ғажайып алаң» құрылғысы арқылы анықталған.
Тергеу материалдары Сауда және спорт министрлігінің лотерея қызметін реттеу комитетіне жолданған. Нәтижесінде блогер әрекеті Әкімшілік кодекстің 445-1-бабына, яғни лотерея және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзу талабына қайшы деп танылған.
Сот шешімімен Нұрбек Нұртазаға 300 АЕК көлемінде, яғни 1 179 600 теңге айыппұл салынды. Ведомство таратқан ақпаратқа қарағанда, аккаунт иесі кінәсін толық мойындап, салынған айыппұлды төлеп қойған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







