Италияның Болонья қаласында өткен World Dog Show 2026 дүниежүзілік көрмесі қазақы тазы үшін тарихи жетістікпен аяқталды. Әлемдік кинологиядағы ең беделді алаңдардың бірінде Қазақстанның ұлттық тұқымы жоғары бағаланып, халықаралық сарапшылардың назарын өзіне аударды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы көрме Қазақстан үшін ерекше маңызға ие болды. Өйткені 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала мойындап, Қазақстанды тұқымның ресми шыққан елі ретінде бекіткен еді. Сондықтан Болоньядағы әрбір нәтиже қазақы тазының толық халықаралық мойындалуына апаратын жолдағы маңызды қадам саналады.
Көрме аясында Қазақстан кинологтар одағы алғаш рет халықаралық сарапшылар алдында қазақы тазы туралы арнайы дәріс өткізді. Онда тұқымның тарихы, қазақ халқының мәдениетіндегі орны, аңшылық дәстүрдегі рөлі, экстерьер ерекшеліктері мен сараптау стандарттары таныстырылды.
Қазақстанның ұлттық стенді де көрменің ең көп назар аударған алаңдарының біріне айналды. Мыңдаған қонақ қазақы тазы туралы ақпарат алып, Қазақстанның кинологиялық жетістіктерімен танысты.

Негізгі тартыс рингтерде өрбіді. Ең басты жетістік – көрмеге қатысқан барлық қазақы тазылардың «Өте жақсы» деген жоғары баға алуы болды. Бұл елімізде тұқымды сақтау және дамыту бағытындағы селекциялық жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Қазақ тазы әлемдік кинологияда өз орнын бекітті
Club Show 2026 көрмесінде Астанадан барған Лашын үздік тазы атанып, бас жүлдені жеңіп алды. Ал ENCI Winner 2026 халықаралық көрмесінде Перс жеңімпаз атанды. Кейін Перс басқа тазы тұқымдарымен бәсекеде төртінші орын алып, қазақы тазы үшін халықаралық деңгейдегі тарихи нәтижеге қол жеткізді.
World Dog Show 2026 негізгі бағдарламасында тағы да қазақстандық тазылар жарқырай көрінді. Лашын әлемдік көрменің жеңімпазы атанса, Челси жастар санатында жоғары нәтиже көрсетті. Челси мен Табиғат Жас әлем чемпионы атағын иеленсе, Лашын мен Рея Әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар Дастер, Лашын, Рея, Перс, Арлан және Кербез Италия чемпионы атағына ие болды. Челси, Табиғат және Ақтабан Жас Италия чемпионы атанды.
Қазақстанның тазысы әлем назарында
Көрменің ең әсерлі сәттерінің бірі TOP Dog 2026 халықаралық шоуы болды. Бұл кәсіби сарапшылар бағалайтын дәстүрлі көрме емес, әлемдік аудиторияға арналған үлкен кинологиялық шоу саналады. Дәл осы алаңда Қазақстан алғаш рет ресми түрде таныстырылды.
Аренадағы алып экраннан Қазақстанның мемлекеттік туы көрсетіліп, қазақы тазы халықаралық көрермен алдында ұлттық символ ретінде ұсынылды. Қазақстан атынан Астанадан барған Дастер, хендлер Карина Камибаева және Қазақстан кинологтар одағының президенті Серікқали Бауыржан шықты.
Бұл көрініс қазақы тазының халықаралық сахнадағы жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Бірнеше жыл бұрын тек ұлттық мұра ретінде қарастырылған тұқым бүгінде әлемдік кинологиядағы толыққанды қатысушыға айналып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, Болоньядағы нәтиже тек көрме жеңісі емес. Бұл Қазақстанның ұлттық брендіне айналған қазақы тазының әлемдік мойындалу жолындағы маңызды кезеңі. Алдағы жылдары Қазақстан FCI талаптарына сәйкес тұқым туралы мәліметтер қорын толықтырып, көрме және селекциялық жұмыстарды жалғастыруы керек.
Бүгінде анық байқалатын бір жайт бар. Қазақы тазы халықаралық аренаға шықты. Енді оның түпкі мақсаты – толық халықаралық мойындауға қол жеткізу. Болоньядағы нәтижелер бұл мақсаттың қолжетімді екенін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







