Қазақстан бюджет тапшылығын жою үшін Азия Даму банкінен тағы да қарыз алады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сенат Азия Даму Банкімен қарыз келісімін ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады. Бұл келісім Қазақстан Республикасына республикалық бюджеттің тапшылығын жабу және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қарыз алуға мүмкіндік береді. Келісім бойынша қарыз 2038 жылдың 1 желтоқсанына дейін өтелуі тиіс, оның ішінде 2027 жылдың 1 маусымына дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.
Қарыздың негізгі борышын және қарыздың жалпы негізгі сомасының пайызын өтеу Келісімге қоса берілген кестеге сәйкес жүзеге асырылатын болады.
«Азия Даму Банкі Қазақстан Республикасына 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 2038 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі өтеу мерзімімен 52 335 274 722 йен сомасында қарыз береді. Сыйақы мөлшерлемесі TONA (жапон иенасының базалық мөлшерлемесі) + спрэд-ке тең. Резервтеу үшін комиссия – қарыздың алынбаған қалдығынан жылдық 0,15%», — деп атап өтті Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов.
Тартылатын қарызға қызмет көрсетуді және өтеуді Қаржы министрлігі Қарыз туралы келісімде белгіленген қаржылық шарттарға сәйкес кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделетін қаражат есебінен жүзеге асыратын болады.