Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларын бағалау тәртібі өзгереді. БЖБ мен ТЖБ-ның орнына қалыптастырушы және аралық бағалау енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талапты бұзған оқушы үшін ата-анасы жауап беретінін де ескертті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте діни киіммен немесе бас киіммен сабаққа келген оқушыға қатысты мектеп қандай шара қолдануға тиіс екенін түсіндірді.
Ортақ талап №26 бұйрықпен бекітілген. Қазақстан мектептеріндегі оқу мен тәрбие зайырлы сипатта болғандықтан, оқушылар белгіленген форма тәртібін сақтауға міндетті. Алайда мектеп басшылығы ереже бұзылған сәтте бірден жазалау шарасына көшпеуі керек. Алдымен сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог пен әкімшілік балаға және оның ата-анасына түсіндіру жұмысын жүргізеді.
«Егер бала талапты бұзуды жалғастырса, оған ата-анасы немесе өзге де заңды өкілі жауап береді», — деді Шынар Ақпарова.
Ата-аналар білім беру ұйымының жарғысы мен мектеппен жасалған шарт талаптарын орындауға міндетті. Жауапкершілік сипаты оқиғаның мән-жайы мен қолданыстағы заң нормаларына қарай айқындалады.
Мектеп формасының үлгісін білім ордасы қамқоршылық кеңеспен, ата-аналар комитетімен және өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп таңдайды. Әкімшілік ата-ананы киімді белгілі бір өндірушіден сатып алуға мәжбүрлей алмайды.
Тағы бір маңызды өзгеріс
Жаңа оқу жылындағы екінші маңызды өзгеріс 2–4-сынып оқушыларын бағалауға қатысты. Критериалды бағалау сақталғанымен, үйреншікті бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталады. Олардың орнын қалыптастырушы және аралық бағалау басады. Бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.
Тоқсандық қорытынды бағаның 50 пайызы қалыптастырушы бағалаудан, қалған жартысы аралық жұмыстың нәтижесінен құралады. Бұған дейін қалыптастырушы бағалаудың үлесі 25 пайыз болатын.
Қалыптастырушы бағалау он балдық жүйемен жүргізіледі. Мұғалім баланың сабақ барысындағы еңбегін бірнеше кезең бойынша саралауға тиіс. Бір тапсырманы орындағаны үшін бірден ең жоғары балл қоюға болмайды. Тоқсан ішінде оқушы пән бойынша өткен сабақтың кемінде 30 пайызында бағалануы қажет. Мәселен, 30 сабақ өтсе, балаға кемінде тоғыз рет баға қойылады.
Аралық жұмыс оқу бағдарламасының әр бөлімі аяқталған соң өткізіледі. Екінші сыныпта оған 12, үшінші сыныпта 14, төртінші сыныпта 16 балға дейін беріледі. Тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Министрлік осылайша бақылау жұмыстарының санын азайтып, оқушы мен мұғалімге түсетін салмақты жеңілдетуді көздеп отыр.
Тілдік пәндерде тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары бағаланады. Қазақ және орыс тілдерінен диктант пен оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар, әдебиеттік оқудан мазмұндама мен шығарма беріледі.
Математикадан математикалық сауаттылықты тексеретін бақылау жұмысы алынады. Оқушылар тапсырманы алдын ала әзірленген жауап парағына емес, дәптерге өз бетінше орындайды. Жаратылыстану мен дүниетануда пәндік біліммен бірге зерттеу және тәжірибелік дағды ескеріледі.
Бұдан бөлек…
Жаңа тәртіп «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», еңбекке баулу, бейнелеу өнері, музыка мен дене шынықтыру пәндерін де қамтиды. Аталған сабақтарда күнделікті қалыптастырушы бағалау жүргізіліп, тоқсанына бір рет аралық жұмыс өткізіледі. Практикалық, шығармашылық және зерттеу тапсырмалары, жобалар, топтық жұмыс пен спорттық жаттығулар бағалануы мүмкін.
Бастауыш сыныптарда бағалау нәтижелерін модерациялау рәсімі де жойылады. Аралық жұмыстың қорытындысы электрондық немесе қағаз журналға енгізіліп, оқушы мен ата-анасына көрсетіледі.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға тапсырманың көлемін, нысанын, орындалу тәсілі мен уақытын бейімдеуге рұқсат беріледі. Аралық жұмысты дәлелді себеппен өткізіп алған оқушы оны кейін жеке кестемен тапсыра алады.
«Негізгі мақсат әр баланың оқу жетістігін әділ бағалау, білім деңгейін дәл анықтау және алған білімін өмірде тиімді қолдануына жағдай жасау», — деді бірінші вице-министр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







