Ақылды құлып сырттай қарағанда өте ыңғайлы шешім сияқты көрінеді. Кілт ұстап жүрмейсің, есікті телефонмен, кодпен, кейде саусақ ізімен ашасың. Үйге кіріп-шығу жеңілдейді. Бірақ мұндай жүйе бәріне бірдей қолайлы бола бермейді. Себебі оның жайлылығының көлеңкесінде қауіпсіздік, құпиялылық және техникалық тәуелділік қатар жүреді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ең әуелі, ақылды құлыптың қауіпсіздігі тек экрандағы функциямен өлшенбейді. Кей құрылғыларда пернетақта, саусақ ізі сканері, қосымша қорғау жүйесі бар болғанымен, оның механикалық бөлігі әлсіз болуы мүмкін.
Яғни ұры кейде цифрлық қорғанысты бұзбай-ақ, кәдімгі физикалық тәсілмен айналып өте алады. Сол себепті мұндай құрылғыны таңдағанда сәніне емес, өндірушінің сапасына, корпусының беріктігіне, құлып жүйесінің нақты қорғалу деңгейіне қарау керек.
Тағы бір маңызды мәселе – жеке дерек қауіпсіздігі. Ақылды құлып көбіне интернетке қосылады, ал оны басқару үшін арнайы қосымша, логин мен құпиясөз қажет болады. Демек есіктің қауіпсіздігі енді тек темірге емес, сіздің цифрлық тәртібіңізге де тәуелді.
Құпиясөз әлсіз болса, желі дұрыс қорғалмаса, смартфон мен құлып арасындағы дерек жолда ұсталып қалса, қауіп күрт артады. Әсіресе камерасы бар үлгілерде мәселе тіпті күрделірек. Ондайда бөтен адам тек құлыпқа емес, үй маңындағы көрініске де қол жеткізуі мүмкін.
Ақылды құлыптың тағы бір әлсіз тұсы – ток пен қуатқа тәуелділігі. Кәдімгі механикалық құлыпқа тоқ керек емес. Ал ақылды жүйе сыммен жұмыс істесе де, батареямен істесе де, қуат мәселесін ұдайы бақылауды талап етеді. Батарея отырып қалса, адам өзі үйге кіре алмай қалуы мүмкін. Әрине, көп модель алдын ала белгі береді: дыбыс шығарады, жарық жыпылықтайды. Бірақ соның өзін елемей жүре берсеңіз, жайлылық бір сәтте проблемаға айналады.
Контекст
Кей құрылғыларда қосымша кәдімгі кілтпен ашу мүмкіндігі сақталады. Бір жағынан бұл – сақтық жолы. Екінші жағынан, сол қосалқы кілт жүйедегі тағы бір осал нүктеге айналады. Яғни толық цифрлық шешім іздеймін деп жүріп, бәрібір ескі тәуекелге қайта оралуыңыз мүмкін.
Бағдарламалық жаңарту да шешуші рөл атқарады. Ақылды құлып орнатылған соң өздігінен мәңгі қауіпсіз болып қалмайды. Егер өндіруші жүйені уақтылы жаңартпаса, жаңа шыққан осал тұстар жабылмай қалады. Кей құрылғыда жаңарту мүлде қолайсыз, ал кейбірінде тіпті қашықтан жаңарту қарастырылмайды. Ондай кезде табылған ақау ұзақ уақыт бойы ашық тұруы мүмкін.
Сондықтан ақылды құлып бәріне бірдей мінсіз шешім емес. Егер адам техниканы жақсы түсінсе, желі қауіпсіздігін қадағаласа, батарея мен жаңартуды бақылап отырса, мұндай жүйе өте ыңғайлы болуы мүмкін.
Ал егер осының бәрі артық әуредей көрінсе, онда қарапайым, сапалы механикалық құлып әлдеқайда сенімдірек таңдау болып қалуы ықтимал. Ақылды құлыптың басты сұрағы да осы: ол шынымен қауіпсіздікті күшейте ме, әлде жайлылық үшін жаңа тәуекел қосып бере ме.
Үйге сымды интернет тартудың ең сенімді жолы әдетте Ethernet кабелі саналады. Бірақ әр бөлмеге кабель жүргізу көп адамға ұнамайды. Қабырғаны тесесің, сым шашылып жатады, жөндеу жұмысы керек болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







