Алматы прокуратурасы атышулы Арман Жұмагелдиев пен тағы 40 адамның ісіне қатысты жабық сот отырысынан әлемжеліге тараған дерек бойынша тергеу бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Прокуратура таратқан мәліметке сәйкес, қазір бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің «Сотқа дейінгі іс пен жабық сот отырыстарының деректерін жариялау» бабымен тергеу жүріп жатыр. Тергеу құпиялығына байланысты іс бойынша қанша адамның күдікке ілінгені туралы ақпарат айтылған жоқ.
Былтыр 14 желтоқсаннан бері YouTube желісінде «Арман Джумагельдиев» деп аталатын арна пайда болып, онда жабық өтіп жатқан сот процестерінен түрлі видеожазбалар жариялана бастаған еді.
Сол видеолардың бірінде Қаңтар оқиғасына қатысты істегі негізгі айыпталушылардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5-департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовтың да жауаптары бар.
Ол бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне тікелей бұйрықты ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бергенін мәлімдеген болатын. Самат Әбіш бұл айыптауға қатысты ешқандай пікір білдірмеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

