Youtube-те Дикий Арман деген лақапатпен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты жабық сот процесінің видеолары пайда болды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бас прокуратура видео тарап кетуіне қатысты тергеу басталғанын растады.
«Алматы прокуратурасы соталды тергеп-тексеру басқармасының іс жүргізуінде Қылмыстық кодекстің 423-бабы (сотқа дейінгі іс жүргізу немесе жабық сот талқылауы деректерін жария ету) бойынша қылмыстық істер тергеліп жатқанын хабарлаймыз», — деп жазылған Бас прокуратураның Tengrinews.kz-ке жауабында.
Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жаңабаев прокурордың немесе судьяның рұқсатынсыз соталды іс жүргізу немесе жабық сот талқылауы деректерін жария ету қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын түсіндірді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 423-бабына сәйкес жазалау шараларына мыналар жатады:
- екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл;
- 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар;
- сол мерзімге түзету жұмыстары;
- екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу;
- сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес соталды тергеп-тексеруді жария етуге жол бермеу көзделген. Бұл бапта істің жариялығын тек прокурордың рұқсатымен ашуға болатыны айтылады. Конституцияға сәйкес Бас прокуратура Қазақстан аумағында заңнама біркелкі қолданылуына қадағалайды», — дейді Жаңабаев.
2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты 7 мамырда Алматыда полиция Дикий Арман лақапатымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевті қамауға алған еді.