Соңғы жылдары Қазақстанның діни кеңістігіне сырттан кірген ұғым мен бөтен діни әдістеменің кесірінен эмоцияға құрылған радикалды риторика аз-кем болса да айтылып қалуда. Бұл қауіпті құбылыс. Осы ретте Ertenmedia.kz тілшілері дінтанушы, теолог Асқар Сабдинге осыған қатысты бірқатар сұрақтарды қойып, тұщымды жауап алды. Енді соған назар аударасаңыздар.
– Асқар мырза, қазір Қазақстандағы діни ахуалға сыртқы ықпал күшейіп отыр деген пікір жиі айтылады. Мұны қалай түсінсек болады?
– Сыртқы ықпал бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ оны дұрыс түсіну керек. Қазақстандағы діни мәселенің бәрі ел ішінен шығып жатыр деп айту қате. Кейбір дау мен радикалды түсініктің табиғаты бізге сырттан келеді. Әсіресе Таяу Шығыстағы саяси тұрақсыздық, діни риторикамен бүркемеленген билік үшін күрес, азаматтық соғыс тәжірибесі интернет арқылы басқа елдерге тез тарайтынын естен шығармауымыз керек. Сол жақтағы күрделі ахуалды түсінбеген жас оның сыртқы ұранына ғана қызығып қалуы мүмкін.
Қазақ қоғамында дін ғасырлар бойы сабырмен отбасы тәрбиесімен үйлесімді өмір сүрді. Сонымен қатар үлкенге құрмет, қауымдық жауапкершілік те қатар дамығанын айта кетуіміз керек.
Ал сырттан келетін кей түсініктерде жергілікті тарих, мәдениет пен салт дәстүр ескерілмейді. Олар дайын үлгі секілді беріледі. Мысалы, бір елдегі саяси қақтығыс, екінші елдегі мәзһаб дауы немесе үшінші елдегі қарулы топтың ұраны біздің қоғамға әкелініп, «нағыз дін осы» деп ұсыну өте қате. Мұны импортталған дау десек болады. Оның түбі қазақтың діни тәжірибесінде жатқан жоқ.
Егер осындай даулы мәселелерге білімді, сабырлы, жергілікті мәдениетті білетін маман жауап бермесе, әлеуметтік желідегі қысқа ролик біраз адамның басын айналдыруы мүмкін.
Қазіргі радикалды контент кітап оқытпайды, терең ойландырмайды. Ол бір минуттық үзіндімен адамның эмоциясын қозғайды. Ашуды оятады, «сен дұрыссың, басқалар адасқан» деген жеңіл жауап береді. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын жастарымыз түсінуі керек.
– Әлеуметтік желідегі діни контенттің қаупі неде?
– Қауіп оның қысқалығында ғана емес, контекстен жұлынып алынуында. Бір уағыздың үзіндісі, бір оқиғаның жартысы, бір ғалымның сөзі толық түсіндірілмей тарайды.
Ал жастар оны көріп, бірден қорытынды жасауі мүмкні. Ал дінде түсінік пен жауапкершілік тек толық контексте жатады. Эмоция ақылдың алдына шыққанда, дін адамды тәрбиелейтін емес, біреуге қарсы қоятын құралға айналуы мүмкін.
– Қазақстан қоғамында діни сауаттың төмендігі қаншалықты сезіледі?
– Айтарлықтай сезіледі. Діни сауат деген тек намаздың шартын немесе бір терминді білу емес. Діни сауат адамның өз сенімін, өз дәстүрін, өз елінің құқықтық жүйесін және діни ақпаратты қайдан алу керегін түсінуі.
Кей адам дін туралы көп видео көреді, бірақ жүйелі білім алмайды. Ол көп ақпаратты білім деп ойлайды. Шын мәнінде, ақпарат пен білім екі бөлек нәрсе. Ақпарат адамды шатастыруы мүмкін, білім адамға бағыт береді.
Қазақ даласында ислам жергілікті болмыспен үйлесіп дамыды. Қоғамды бөлген жоқ, керісінше ұстап тұрды. Дін отбасы тәрбиесімен, адал еңбекпен, көрші ақысы, үлкенге құрмет, жетім-жесірге қамқорлық сияқты ұғымдармен байланысып келді. Біз осы табиғи сабақтастықты жоғалтпауымыз керек. Дәстүр деген ескі әдет қана емес, қоғамның ішкі тепе-теңдігін сақтайтын рухани тәжірибе.
– Кей жастар неге өз дәстүріндегі діни мектептен гөрі сыртқы ағымға қызығады?
– Себебі сыртқы ағым өзін өте сенімді, өте дайын жауаппен ұсынады. «Бәрі қате, тек біз дұрыс білеміз» деген ұран жас санаға әсер етеді.
Ал жергілікті діни мектеп кейде өз ойын тым академиялық немесе құрғақ тілмен жеткізеді. Жастарға түсінікті тіл керек. Олар нақты сұрақ қояды. Ата-анаммен қалай сөйлесемін, әлеуметтік желідегі қысымға қалай төтеп беремін, ақша мен иманның арасы қандай деген сұрақтар оларды мазалауы мүмкін. Егер дәстүрлі орта осы сұраққа қазіргі тілмен жауап бермесе, бос кеңістікті басқа біреу толтырады.
Радикалды ұйым заңға қарсы әрекет ететін болса, мемлекет қатаң шара қабылдауы керек. Бірақ жас адамның санасындағы сұрақты тыйыммен өшіре алмайсыз. Оған түсіндіріп, сенімді орта қалыптастырудың маңызы зор. Қарапайым тілмен айтқанда, жаман идеяға тек тыйым емес, жақсы әрі мықты идея қарсы тұруы тиіс.
– Қазақстанға қандай діни иммунитет қажет?
– Діни иммунитет дегеніміз адамның кез келген ұранға еріп кетпей, ақыл сүзгісінен өткізу қабілеті. Ол үшін адам өз сенімінің негізін білуі керек. Қай дереккөзге жүгінетінін түсінуі керек. Дінді саяси ашу мен жеке реніштің құралына айналдырмауы керек.
Иммунитеті бар адам радикалды риторикадан бірден секем алады. «Неге мені біреуге қарсы қойып жатыр? Неге ашуға шақырып жатыр? Неге жергілікті ғалымдарды жоққа шығарып отыр? Неге заңды менсінбеуге итермелейді? » деп сұрайды. Осындай сұрақ қоя алатын адамды алдау қиын.
Зайырлы мемлекет дінді жоққа шығармайды. Керісінше, әр азаматтың сенім еркіндігін заңмен қорғайды. Бірақ мемлекет бір діни ағымның саяси құралына айналмауы керек. Зайырлылық қоғамдағы әртүрлі сенім иесінің бір құқықтық алаңда өмір сүруіне мүмкіндік беретін тәртіп.
– Сауатты сұхбаттыңызға рахмет!
Сұхабаттасқан Нұрлан Әубәкір
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







