Алматыдағы Саин көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ 31 тамыздан бастап алынып тасталады. Әкімдік екі айдан астам уақытқа созылған сынақтың тиімді болғанын мәлімдеді. Арнайы жолақ кейін әл-Фараби – Саин – Рысқұлов – Шығыс айналма жолын қамтитын біртұтас көлік жүйесінің құрамында қайта ашылмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саин көшесіндегі арнайы жолақ 20 маусымда Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі аралықта іске қосылған еді. Қалалық мобильділік басқармасы Алматының ең көп көлік жүретін күретамырларының бірінде қоғамдық көлікке басымдық берудің қаншалықты тиімді екенін тексерген.
Автобустардың жылдамдығы 21 пайызға артты
Жүргізілген мониторинг арнайы жолақтың қоғамдық көлік қозғалысына айтарлықтай серпін бергенін көрсетті.
Таңғы қарбалас уақытта автобустардың орташа жылдамдығы сағатына 26,2 шақырымнан 31,8 шақырымға дейін өскен. Айырма 21,37 пайызды құрады. Кешкі қарбаласта көрсеткіш сағатына 25 шақырымнан 30,4 шақырымға жетіп, 21,6 пайызға артқан.
Қоғамдық көліктің жүру аралығы да қысқарды. Күні бойғы орташа интервал 13,6 минуттан 12 минутқа, ал таңғы қарбалас кезінде 11,6 минутқа дейін азайған.
«Сынақ нәтижесі арнайы жолақтың қоғамдық көлік қозғалысын, әсіресе қарбалас уақытта жылдам әрі тұрақты ететін пәрменді құрал екенін растады», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Жолаушылар саны бес пайызға көбейді
Арнайы жолақ автобустар мен троллейбустарға сұранысты да өсірген. Жоба іске қосылғанға дейін осы бағыттағы қоғамдық көлікті тәулігіне 42 396 адам пайдаланса, кейін жолаушылар саны 44 515-ке жеткен.
Өсім бес пайызды құрады. Әкімдік мұны қозғалыс жылдамдығы мен автобустардың тұрақты жүруі қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген ықыласын арттырғанымен байланыстырады.
Соған қарамастан, арнайы жолақтың енгізілуі көлік жүргізушілерінің наразылығын да туғызды. Дархан Сатыбалдыға дат айтқан петиция авторлары, стандарт бойынша қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ бір бағытта кемінде үш жолағы бар көшеде ұйымдастырылуы керек деген. Олар Саин көшесіндегі күрт кептелістің күшейгеніне шағымданған.
Кейін билік жүргізушілердің өтініштерін саралап, Рысқұлов даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, жолақтардың сызбасына өзгеріс енгізді.
Неліктен тиімді жоба тоқтатылады?
Әкімдік сынақтың сәтті өткеніне қарамастан, арнайы жолақтарды жеке-жеке енгізу жеткіліксіз деген қорытындыға келген. Қоғамдық көлікке шынайы басымдық беру үшін негізгі магистральдарды өзара жалғайтын тұтас жүйе қажет.
Осыған байланысты Саин көшесіндегі пилоттық жолақ 31 тамыздан бастап күшін жояды. Жол таңбаларының өшірілетіні немесе өзге тәртіппен пайдаланылатыны әзірге нақтыланбаған.
Келесі кезеңде қала билігі көлік желісінің өзге бөліктерін дайындап, қажетті инфрақұрылым салуға кіріспек. Жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты қолданыстағы стандарттар мен нормативтік құжаттарға да өзгеріс енгізіледі.
Төрт ірі магистраль бір жүйеге біріктіріледі
Болашақта қоғамдық көлікке арналған өзара жалғасқан айналма бағыт әл-Фараби даңғылы, Сайын көшесі, Рысқұлов даңғылы және Шығыс айналма жолы арқылы өтеді.
Жүйе іске қосылғанда автобустар мен троллейбустарға төрт негізгі магистраль бойында басымдық беріледі. Сайын көшесіндегі арнайы жолақ та сол кезде жеке тәжірибе күйінде емес, қаланың тұтас көлік желісінің бір бөлігі ретінде қайта оралады. Жобаны жүзеге асыру мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







