Қазақстан театрлары жаңа маусымға ұлттық балет, классикалық опера, халықаралық гастроль және жаңарған сахналармен қадам басқалы отыр. Өткен маусымда отандық театрлар 16 мың қойылым ұсынып, 2,8 миллионнан астам көрермен жинаған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2025–2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша ел театрларында 410 премьера сахналанды. Жаңа кезеңде де ұлттық шығармаларды жаңаша сөйлетуге, балалар репертуарын кеңейтуге және қазақстандық өнерді шетелге танытуға басымдық берілмек.
«Астана Балет» маусымды корей әртістерімен ашады
«Астана Балет» театры XIV маусымын 28 және 29 тамызда Корея ұлттық балетінің гастрольдік қойылымдарымен бастайды. Көрерменге Адольф Аданның музыкасына жазылған «Корсар» балеті ұсынылады.
Халықаралық бағдарлама одан әрі Вьетнам, Франция және Австриядағы өнер сапарларымен жалғасады. Шетелдік сахналарда театр әртістері қазақстандық хореография мен заманауи репертуарды таныстырады.
«Астана Опера» сахнасында «Абай» қайта жаңғырады
«Астана Опера» XIV театр маусымын 4 және 5 қыркүйекте Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашады. Қос композитордың туғанына 120 жыл толған тұста ұлттық классикаға қайта оралудың символдық мәні айрықша.
Театр жаңа маусымда «Чарли мен Ирэн» балетінің, «Томирис» ұлттық балетінің және балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклінің премьераларын ұсынады.
Балет труппасының Италияға гастролі және Қазақстан өңірлеріндегі қойылымдары да жоспарланған.
«Қан мен тер» алғаш рет балетке айналды
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен бастайды.
Жаңа қойылым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісімен әзірленген. Қазақ әдебиетінің әйгілі туындысы алғаш рет балет сахнасына көшіріліп отыр.
Маусымның ашылуы аясында «Мұра» атты ашық аспан астындағы гала-концерт өтеді. Бағдарлама опера, балет, симфониялық музыка, хор, джаз, этно және қазіргі музыкалық бағыттарды бір сахнаға тоғыстырады.
Балаларға төрт мыңға жуық қойылым ұсынылды
Жаңа маусымда өскелең ұрпаққа арналған репертуарға да ерекше көңіл бөлінеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында театрлар балаларға 3948 спектакль көрсеткен. Оларды 559 885 жас көрермен тамашалады.
Осы бағытты балалар мен жасөспірімдер театрлары, қуыршақ және жастар театрлары дамытып келеді.
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры биыл 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ұжым мерейлі жылға халықаралық жетістікпен аяқ басты.
Театрдың «Ұлпан» спектаклі Бішкекте өткен ART-ORDO халықаралық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алып, тағы үш аталым бойынша марапатталған.
Шетелге шыққан қойылымдар көбейді
2026 жылдың алғашқы жартысында қазақстандық театрлар 407 гастрольдік сапар өткізді. Соның 394-і ел ішінде, 13-і шетелде ұйымдастырылған.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Сингапурда өнер көрсетсе, Ғабит Мүсірепов театры Түркияға гастрольмен барды.
«Астана Опера» театрының El Voice вокалдық тобы «Солдатский конверт» халықаралық байқау-фестивалінде бас жүлдені иеленді. Театр скрипкашысы Бағдат Әбілханов Қытайдың Далянь қаласында өткен GRAND ART EXPRESS-CHINA халықаралық байқауында бірінші дәрежелі лауреат атанды.
Алматыдағы екі театр жаңарып жатыр
Шығармашылық жобалармен қатар театр инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы да жалғасуда.
Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты қайта жаңартылып жатыр. Жоба тарихи сәулет келбетін сақтауды, инженерлік жүйелерді жаңартуды және көрермендер мен шығармашылық ұжымға заманауи жағдай жасауды көздейді.
Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрын жаңарту жұмыстары мәреге таяды. Нысанның құрылыс дайындығы 98 пайызға жеткен. Тарихи ғимарат пен оған жапсарлас салынған жаңа бөліктегі негізгі жұмыс аяқталды. Инженерлік желілер мен сахна жабдығы орнатылып, театр маңы абаттандырылды.
Жаңарған Наталия Сац театры көрермендерін 7 қарашада, театрдың туған күнінде қабылдауды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







