Астанада 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. 26 тамыздағы отырыста өзге жәбірленушілерден жауап алынып, үйдің қаптамасы құлаған сәтте жарақат алған Жангелді Шақанович сол күнгі сұмдықты баяндады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада аулада жүрген кезде қатты тарсыл естілген. Алғашында қоқыс жәшіктерінің маңында әлдебір зат құлады деп ойлаған.
Көп ұзамай оған әпкесі Айнұр хабарласып, өзі мен Гүлнардың ауладағы дүкен жанында үйінді астында қалғанын айтқан. Жангелді дереу оқиға орнына жүгірген.
«Олар жерде жатты. Денелерінің төменгі жағы кірпіш астында қалған. Қасымда екі фельдшер тұрды, олардың бірі “зембіл, зембіл” деп айқайлап жатты», – деді ол сотта.
Дәл осы кезде жоғарыдан қайтадан құм мен құрылыс қалдығы себіле бастаған. Жангелді төбеге қарағанымен, не құлап келе жатқанын байқап үлгермеген.
«Жоғарыдан құм себіле бастады. Басыма қарадым, бірақ ештеңе көрмедім. Содан кейін есімнен танып қалыппын. Көзімді жедел жәрдем көлігінде аштым», – деп еске алды жәбірленуші.
Жангелді Шақановичтің сөзінше, зардап шеккен әпкелерінің бірі ауруханадан шыққаннан кейін есту қабілетінен айырылған.
Прокурор оқиғаға дейін үйдің осы бөлігінде жөндеу жүргізілген-жүргізілмегенін сұрады. Жәбірленуші ешқандай жұмыс болмағанын айтты. Қазір қаптама құлаған екі үйдің арасындағы өткел жабылған.
Сонымен бірге Жангелді Шақанович сотталушыға ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеді.
Адам құтқаруға келген фельдшердің өзі үйінді астында қалды
Қайғылы жағдай 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болды. Ғимарат қаптамасының бір бөлігі кондиционермен бірге төменге құлап, бірнеше адам зардап шекті.
Ұлдана Мырзуан оқиға орнына жедел жәрдем бригадасымен келген. Ол үйінді астында қалған адамдарға көмек көрсетіп жатқанда жоғарыдан тағы құрылыс бөлшектері құлаған. Кондиционер фельдшердің үстіне түсіп, ол ауыр жарақат алды.
Дәрігерлер Ұлдананың өмірі үшін он күн бойы күресті. Алайда алған жарақаты тым ауыр болып, 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды. Президент Тоқаев оны адам құтқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен қайтыс болғаннан кейін марапаттады.
Кейін Астана жедел жәрдем станциясының ғимаратына Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Өзі үздік тәмамдаған «Даналық» колледжінде оның атындағы аудитория ашылды.
Сот алдында МИБ төрайымы жауап беріп жатыр
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот 2026 жылғы 18 тамызда Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында басталды. Айыпталушылар орындығында үйдің мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова отыр. Тергеу оны адам өліміне әкелген міндетіне адал қарамады деп айыптайды.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша қаралып жатыр. Айыптау тарапы сотталушы тұрғын үйдің техникалық жағдайын тиісті деңгейде бақыламаған деп есептейді.
Сот әзірге жәбірленушілер мен куәлардың жауабын тыңдап жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







