Қазақстанның бірқатар өңірінде дүйсенбі, 22 маусым күні дауылды ескерту жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазгидромет» мәліметінше, елдің басым бөлігінде аптап ыстық, найзағай, бұршақ, дауыл және қатты жел күтіледі. Кей өңірде ауа температурасы +42 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар көптеген облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Астанада қатты ыстық болады. Күндіз ауа температурасы +36 градусқа дейін жетуі мүмкін. Ақмола облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Өңірде +38 градусқа дейін ыстық күтіледі. Кей ауданда төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының таулы аймақтарында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және қатты жел болжанды. Жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Облыста ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріледі. Қонаевта да жел күшейіп, өрт қаупі жоғары болады. Іле Алатауы тауларында найзағайлы жаңбыр күтіледі.
Абай облысында жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, кей тұста екпіні 23 метрге жетуі мүмкін. Өңірде +38 градусқа дейін ыстық болып, төтенше өрт қаупі сақталады. Шығыс Қазақстан облысында да қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай, секундына 23 метрге дейін жел және +36 градусқа дейін ыстық күтіледі.
Қазақстанда дауылды күн басталады
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Кей жерде жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Қостанай облысында түнде және таңертең тұман түседі, ал кей ауданда ауа температурасы +39 градусқа дейін көтеріледі. Батыс Қазақстан облысында, соның ішінде Оралда қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болжанды.
Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және қатты жел күтіледі. Жетісу облысында Алакөл маңында желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі ықтимал. Бұл аймақта да жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкент пен Түркістанда найзағайлы жаңбыр және секундына 15-20 метрге дейін жел болжанып отыр.
Қарағанды, Павлодар, Қызылорда және Ұлытау облыстарында аптап ыстық күшейеді. Қарағанды облысында +38 градусқа дейін ыстық болады. Павлодар облысының кей ауданында ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі. Қызылорда облысында және Қызылорда қаласында +42 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі. Ұлытау облысында да кей жерде +41 градусқа дейін өте қатты ыстық болжанды.
Солтүстік Қазақстан облысында аздаған жаңбыр, найзағай, дауыл, түнде және таңертең тұман күтіледі. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Өңірде +35 градусқа дейін ыстық болады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райы күрт өзгеретінін ескертіп, сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Аптап ыстық кезінде далада ұзақ жүрмей, су ішу режимін сақтау қажет. Найзағай, бұршақ және қатты жел кезінде ашық алаңда, ағаш түбінде немесе электр желілерінің жанында тұрмаған дұрыс. Өрт қаупі жоғары өңірлерде ашық от жағуға және құрғақ шөпті өртеуге тыйым салынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







