Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін энергетикалық әріптестікті дамытуда сенімділік, технологиялық кооперация және отынмен тұрақты қамтамасыз ету негізгі бағытқа айналып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы Еуразиялық экономикалық форум аясында айтты. Ведомство басшысы «Еуразиялық энергетикалық интеграция. Қозғалыс векторы» атты панельдік сессияда сөз сөйледі.
Министрдің пікірінше, ЕАЭО аясындағы энергетикалық байланыстар өзара сенімге, болжамды реттеуге және нақты экономикалық тиімділікке сүйенуі тиіс. Мұнай, мұнай өнімдері, газ және электр энергиясы бойынша ортақ нарықтарды кезең-кезеңімен қалыптастыру кезінде әр елдің ұлттық мүддесі, қолданыстағы екіжақты келісімдері және азаматтар мен өнеркәсіпті сенімді қамтамасыз ету басымдығы міндетті түрде ескерілуі қажет.
Ерлан Ақкенженов еуразиялық энергетикалық интеграцияның әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Алайда оның айтуынша, мұндай үдеріс жасанды түрде жеделдетілмеуі керек. Ортақ нарық тек шынайы тұрақты, нақты есептелген және өзара тиімді тетіктер қалыптасқан жағдайда ғана нәтиже береді.
«Біз шынайы тұрақты, реалистік әрі өзара тиімді тетіктер қалыптастырылған жағдайда еуразиялық энергетикалық интеграцияның кең мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Дәл осындай прагматикалық әрі жан-жақты есептелген бірлескен жұмыс Одағымыздың ұзақ мерзімді іргетасын қалыптастырып, ортақ нарықтық үдерістерді жасанды немесе формалды жеделдетуге байланысты тәуекелдерден қорғайды», деді министр.
Ортақ энергетикалық архитектураның негізі ретінде ЕАЭО елдері арасында қалыптасқан практикалық байланыстар аталды. Қазір Қазақстан Ресеймен мұнай-газ кешені және электр энергетикасы бағытында ынтымақтастық орнатқан. Қырғыз Республикасымен су-энергетикалық теңгерімді үйлестіру жұмысы жүргізіліп келеді. Беларусь және Армениядағы серіктестермен инфрақұрылымды жаңғырту бойынша сараптамалық тәжірибе алмасу жолға қойылуда.
Форумда энергетика саласына жоғары технологияларды енгізу мәселесі де көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы энергетика саласында нақты жобалар арқылы іске асып жатыр. Бүгінде жасанды интеллект отандық энергетиканың негізгі бағыттарына енгізіле бастады.
Министрлік осы тәжірибеге сүйене отырып, ЕАЭО-ның ортақ энергетикалық нарығында заманауи IT-шешімдерді кеңінен қолдануға шақырып отыр. Жасанды интеллект элементтері диспетчерлік болжауда, жүктемені басқаруда және энергетикалық жүйелердің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алады.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, мұндай технологиялар одақ елдеріне ең жоғары жүктеме кезеңдерінде энергетикалық жүйелерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, ортақ нарық цифрлық құралдар арқылы дамығанымен, әр мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігі мен ұлттық мүддесі толық сақталуы керек.
ЕАЭО үшін энергетикалық интеграция жай ғана сауда мәселесі емес. Ол өнеркәсіптің тұрақтылығына, тарифтердің болжамдылығына, отын жеткізу сенімділігіне және өңірлік экономиканың бәсекеге қабілетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан Қазақстан бұл бағытта асығыс шешімнен гөрі, есептелген, прагматикалық әрі теңгерімді ұстанымды алға шығарып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







