Қазақстанда әріптесімен немесе екі адамның орнына уақытша жұмыс істеген қызметкерге қосымша ақы төлеу міндеттелді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Егер әріптесіңіз еңбек демалысына кетсе, аурухана парағында жүрсе немесе уақытша жұмыста болмаса, оның міндетін сізге жүктеген жағдайда жұмыс беруші енді қосымша ақы төлеуі тиіс. Еңбек кодексіне енгізілген өзгеріс 2026 жылғы 8 маусымнан бастап қолданыста.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексінің 111-бабына түзету енгізді. Бұған дейін кей жұмыс берушілер қызметкердің еңбек шартында немесе лауазымдық нұсқаулығында уақытша жоқ әріптесті алмастыру міндеті көрсетілгенін алға тартып, қосымша ақы төлемеуге мүмкіндік алған. Енді мұндай норма алынып тасталды.
Министрлік өкілі Арайлым Ибраеваның түсіндіруінше, 8 маусымнан кейін кез келген алмастыру қосымша жүктеме болып саналады. Демек жұмыс беруші оны бөлек рәсімдеп, қызметкермен қосымша ақы мөлшерін келісуі керек.
Жұмыс беруші төлем көлемін өз бетінше белгілей алмайды. Ол қызметкермен келісуге тиіс. Егер қызметкер ұсынылған қосымша ақы мөлшерімен келіспесе, жұмыс беруші оған уақытша жоқ әріптестің міндетін біржақты түрде жүктей алмайды.
Егер қызметкер 8 маусымнан кейін әріптесін алмастырып, бірақ қосымша ақы алмаған болса, жұмыс беруші бұл төлемді рәсімдеп, төлеуге міндетті. Басшылық бас тартса, қызметкер мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады.
Заңгер Абзал Қасымжанов мұндай жағдайда алдымен жұмыс берушіге жазбаша өтініш беру керек екенін айтады. Өтініште нақты қандай қосымша жұмыс атқарылғаны және сол үшін қосымша ақы төлеу талап етілетіні көрсетілуі тиіс.
Өтінішті ауызша айтумен шектелмеген дұрыс. Оны кеңсе арқылы тіркету, электронды құжат айналымы жүйесімен жіберу немесе өтініш берілгенін дәлелдейтін басқа тәсілмен рәсімдеу қажет. Себебі кейін дау туындаса, қызметкердің жұмыс берушіге ресми жүгінгені маңызды дәлел болады.
Жұмыс берушіге жаңа міндет
Егер жұмыс беруші өтінішті елемесе немесе төлемнен бас тартса, қызметкер мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алады. Қажет болған жағдайда сотқа жүгіну құқығы да бар.
Заңгердің айтуынша, қызметкер өзіне қосымша міндет жүктелгенін дәлелдейтін құжаттарды алдын ала жинағаны жөн. Оған міндет жүктеу туралы бұйрықтар, қызметтік жазбалар, электронды хат алмасу, корпоративтік мессенджердегі тапсырмалар, жұмыс уақыты табельдері, есептер және уақытша жоқ әріптестің орнына қол қойылған құжаттар жатады.
Ресми бұйрық болмаған жағдайда да алмастыру фактісін дәлелдеуге болады. Соттар әдетте бір ғана құжатқа емес, барлық дәлелдің жиынтығына қарайды. Сондықтан қызметкер өзіне жүктелген қосымша жұмысқа қатысты кез келген ізді сақтауы керек.
Ең дұрыс жол, алмастыруды қосымша жұмыс басталғанға дейін ресми рәсімдеу. Ол үшін жұмыс беруші уақытша жоқ қызметкердің міндетін кім атқаратынын, алмастыру мерзімін және қосымша ақы көлемін көрсететін бұйрық шығаруы керек.
Егер бұйрық шықпаса, қызметкер жұмыс берушіге жазбаша хабарлама жіберіп, нақты қосымша міндет атқарып жатқанын және оны тиісті тәртіппен рәсімдеуді сұрай алады. Мұндай қадам кейін еңбек дауы туындаса, қызметкердің құқығын қорғауға көмектеседі.
Қосымша міндетке келісім керек
Қызметкер бұрынғы алмастырулар үшін де ақша талап ете алады. Бірақ бұл 2026 жылғы 8 маусымнан кейінгі кезеңге қатысты. Егер осы күннен кейін ол уақытша жоқ әріптестің жұмысын атқарып, қосымша ақы алмаса, төлемді талап етуге құқылы.
Дегенмен еңбек дауларында мерзім мәселесі бар. Сондықтан қызметкер құқығы бұзылғанын байқаған сәтте ұзақ күтпей, жазбаша өтініш беріп, қажет болса еңбек инспекциясына жүгінгені дұрыс.
Қосымша ақы талап еткені үшін қызметкерді жұмыстан шығару немесе оған тәртіптік жаза қолдану заңсыз. Заңгердің айтуынша, жұмыс берушінің мұндай әрекеті қосымша құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Жұмыс беруші еңбек шартында алмастыру міндеті жазылғанын алға тартып, енді қосымша ақыдан бас тарта алмайды. Жаңа өзгеріс дәл осы тәжірибені тоқтатуға бағытталған. Яғни лауазымдық нұсқаулықтағы жалпы формулировка нақты қосымша жұмыстың ақысын алмастыра алмайды.
Егер компания бұл талапты орындамаса, мемлекеттік еңбек инспекциясы нұсқама бере алады. Сонымен қатар жұмыс беруші еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сот арқылы қызметкерге төленбеген қосымша ақыны өндіріп беру, сот шығындарын жүктеу және жұмыс берушінің беделіне нұқсан келуі де ықтимал.
Жаңа норма еңбек қатынасындағы маңызды теңгерімді қалпына келтіреді. Әріптестің жұмысын уақытша атқару жай ғана «көмек» емес, нақты қосымша еңбек. Ал қосымша еңбек заң бойынша қосымша ақы төленетін жұмыс ретінде бағалануы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







