Қазақстанда жұмыс іздеушілер саны бос жұмыс орындарынан асып түсті. 2026 жылдың алғашқы бес айында Enbek.kz платформасында 495,7 мың бос жұмыс орны жарияланып, 609,3 мың түйіндеме орналастырылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мамыр айының өзінде жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасына 86,7 мың бос жұмыс орнын енгізсе, жұмыс іздеушілер 91,6 мың түйіндеме жариялаған. Бұл еңбек нарығында бәсекенің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Кадрларға ең жоғары сұраныс білім беру саласында байқалды. Мамырда мұнда 14 мың бос жұмыс орны тіркелген. Сонымен қатар қызмет көрсету саласында – 12,5 мың, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету секторында – 8,6 мың, құрылыста – 8 мың, ауыл шаруашылығында – 7,5 мың және өңдеу өнеркәсібінде 6,9 мың бос жұмыс орны ұсынылған.
Өңірлер арасында ең көп жұмыс орны Астана қаласында жарияланған. Елордада 8,3 мың бос жұмыс орны тіркелсе, Павлодар облысында – 5,5 мың, Алматы қаласында – 5,2 мың, Түркістан облысында – 5,1 мың және Атырау облысында 5 мың бос жұмыс орны ұсынылған.
Қазақстанда қай мамандыққа сұраныс жоғары
Еңбек нарығындағы сұраныстың басым бөлігі орта біліктілік деңгейіндегі мамандарға тиесілі. Олар барлық бос жұмыс орындарының шамамен 43 пайызын құрайды. Төмен біліктілікті қажет ететін жұмыс орындарының үлесі 31 пайыз болса, жоғары білікті мамандарға сұраныс 26 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Жұмыс іздеушілердің құрылымына қарағанда, еңбек нарығына ең белсенді қатысатын топ – жастар. Барлық түйіндеменің 41 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. 35-44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі 28 пайыз болса, 45-54 жас аралығындағылар – 20 пайыз, ал 55 жастан асқан азаматтар 11 пайызды құрады.
Гендерлік тұрғыдан алғанда еңбек нарығында әйелдердің белсенділігі жоғары. Түйіндеме жариялағандардың 52 пайызы әйелдер болса, 48 пайызы ер адамдар.
Жалақы жарысы
Мамыр айында ең жоғары жалақы ұсынылған мамандықтар қатарында тау-кен өндірісіндегі өндіріс бастығының орынбасары ерекше көзге түсті. Бұл лауазым бойынша айлық шамамен 1,45 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік инженері үшін 1,23 миллион теңге, ал бас дәнекерлеуші үшін 1,24 миллион теңге көлемінде жалақы ұсынылған.
Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы сұрағандар кеме капитандары болды. Олар орта есеппен 8,7 миллион теңге көлемінде жалақы күтетінін көрсеткен. Басшының орынбасары лауазымына үміткерлер 3,7 миллион теңге, ал ұшқыштар шамамен 2,8 миллион теңге жалақыға үміт білдірген.
Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығындағы бұл көрсеткіштер Қазақстанда білікті мамандарға деген сұраныстың сақталып отырғанын көрсетеді. Әсіресе техникалық, өндірістік және цифрлық қауіпсіздік салаларында жоғары жалақы ұсынатын жұмыс орындарының көбеюі экономиканың жаңа бағыттарға бейімделіп жатқанын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







