Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамытудың стратегиясын бекітті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, құжат жоғары мемлекеттік деңгейде бұған дейін қабылданған шешімдердің жалғасы саналады. Негізгі мақсат – Қазақстанда заманауи әрі орнықты ядролық кластер қалыптастыру. Ол әлемдік ядролық экожүйеге кірігуі керек. Сонымен бірге стратегия елдің энергетикалық және технологиялық тәуелсіздігін күшейтетін маңызды тетік ретінде қарастырылып отыр.
Жоспарға сай, 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істеуге тиіс. Электр энергиясына сұраныс өсетінін ескеріп, төртінші станция салу жобасы да қаралған. Агенттік осы қадам экономика мен халықтың сенімді әрі экологиялық тұрғыдан таза энергияға деген сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді деп отыр.
Құжатта тағы бір маңызды бағыт бар. Елдің қолайлы өңірлерінде шағын модульді реакторлар негізіндегі атом станцияларын салу нұсқасы қаралады. Мұнда технологиялық және экономикалық тиімділік басты өлшем болмақ. Осындай шешім ескі көмір станциялары кезең-кезеңімен тоқтаған тұста олардың орнын жаңа атом қуатымен алмастыруға жол ашуы мүмкін.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың тамызында Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жобасы бойынша алғашқы жұмыс басталған еді. Бас мердігер ретінде Ресейдің «Росатом» компаниясы белгіленген.
Ал биыл қаңтарда Қазақстан Үкіметі Алматы облысы Жамбыл ауданында екінші атом электр станциясын салу туралы шешімді бекітті. Осылайша елдің атом энергетикасына қатысты ұзақ мерзімді бағыты енді нақты инфрақұрылымдық жобалармен ұштасып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен әрі барынша прагматикалық тұрғыда қарау қажет екенін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







