Қазақстанның ішкі саясатындағы басты басымдықтар конституциялық құндылықтарды орнықтыруға, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға және елдің болашағына нық қадам басуға тікелей бағытталуы тиіс. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарлары мен қоғамды кешенді жаңғырту тетіктері туралы вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Конституциялық құндылықтар – реформалардың түпқазығы
Ішкі саясаттың алғашқы әрі негізгі тірегі конституциялық құндылықтар. Ата Заң қағидаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық реформалар бағытының іргетасын құрайды. Олардың қатарында Заң мен Тәртіп үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, еңбекқорлық пен жасампаз патриотизм, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидалары бар.
Бейінді мемлекеттік құрылымдар Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығы мен Конституцияны дәріптеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүйелі жүзеге асыруға баса мән беруі қажет.
Алдағы уақытта Ата заң ережелерін қоғам арасында түсіндіру бойынша кешенді сараптамалық-әдістемелік және мәдени-ағартушылық жұмыстар атқарылмақ.
Жаңа қоғамдық этика және тазалық стандарттары
Екінші маңызды бағыт – жаңа қоғамдық этиканы орнықтыру. Мұндағы басты мәселе озық мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруға, ұлттық құндылықтар негізін бекемдеуге, сондай-ақ қоғамдық өмірдің архаизациялануы мен тарихи фактілерді бұрмалау әрекеттеріне тосқауыл қоюға саяды.
Осы орайда «Заң мен Тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жобасы мен «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын іс жүзіне асыруға ерекше назар аударылады.
«Таза Қазақстан» бастамасын кеңейту үшін бірыңғай цифрлық платформа құру, тазалықтың ұлттық стандартын бекіту және өңірлердің тазалық деңгейі бойынша арнайы рейтингін енгізу секілді тың тәсілдер қолданысқа енеді.
Болашаққа ұмтылыс: Адами капиталды дамыту
Үшінші басымдық елдің келешегін айқындайтын адами капиталды өркендетумен тығыз байланысты. Басты назар ғылым, білім, инновациялық технологиялар және ағартушылық саласына аударылады.
Тұжырымдамалық бағыт Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Қазақстан балалары», «Оқуға құштар ұлт», «Digital Qazaqstan» сынды стратегиялық құжаттар негізінде жүзеге аспақ. Түпкі мақсат – болашаққа сеніммен қарайтын мықты мемлекет пен озық ойлы қоғам қалыптастыру.
Қоғам дамуының стратегиялық бағдары мен алдағы міндеттердің мәніне тоқталған Вице-Президент жүргізіліп жатқан реформалардың түпкілікті нәтижесі ел тұрғындарының болашақ өмірінің сапасына тікелей әсер ететінін жеткізді.
«Аталған үш басымдық біздің қандай қоғам құрып жатқанымыз және ертең қандай елде өмір сүретініміз туралы басты сұраққа нақты жауап береді. Ол үшін біз жасампаз күн тәртібіне сүйеніп, конституциялық құндылықтардың аясында жүйелі әрекет етуіміз қажет», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







