Ескі Қазақстанның жарқын өкілі Даниал Ахметов тағы бір қызметінен кетті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметов Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының басшысы қызметінен босатылды.
Тиіс шешім Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының конференциясында қабылданды. Оның орнына бұл қызметке Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келетіні хабарланды.
Айта кетейік, биыл ақпанда Ахметов Астанада жеңіл атлетикадан Әмин Тұяқов жүлдесіне арналған Astana Indoor Meet халықаралық турнирі аясында көзге түсіп қалған еді. Деректерге сүйенсек, экс-шенеунік жеңіл атлетика федерациясының президенті ретінде барған. Шығыс Қазақстанды тапжылмай 9 жыл басқарған экс-әкім осылай спортты тізгіндеуге ойысқан еді.
Тимур Құлыбаевтың орнына Ұлттық олимпиада комитетінің президенті қызметіне Геннадий Головкин келгеннен кейін комиссия құрамында біраз өзгеріс болды. Жаңа құрамға экс-шенеуніктер Асқар Мамин, Даниал Ахметов, оған қоса олигарх Болат Өтемұратов та енді.
Қоғамда Ұлттық олимпиада комитетінің басшылық құрамына қатысты қызу дау жүрген еді. Депутаттар да бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді. Мәселен, Бапи Құлыбаевты ашық сынап тастады.
«Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?! …Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс! Ұлттық Олимпиада Комитетіне түбегейлі өзгерістер керек», — деген еді ол.