Қазақстанда сапасыз жанармайдан көлігі бұзылған жүргізушілерге жөндеу шығынын өтеу ұсынылды. Диагностика мен жөндеуге жұмсалған ақшаны бензин сапасының төмендеуіне кінәлі компаниядан өндіріп алу көзделіп отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Осындай бастамамен Құрылтай депутаты Асхат Рахимжанов Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Оның сөзінше, кейінгі уақытта қазақстандықтар АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасына жиі шағымдана бастаған. Жанармай құйғаннан кейін көлік қозғалтқышы тұрақсыз жұмыс істеп, түрлі ақау пайда болады.
Жүргізушілер көбіне форсунка, оталдыру білтесі, катализатор және қозғалтқыштың өзге бөлшектері істен шыққанын айтады. Кей жағдайда көлікті қалпына келтіруге 200-600 мың теңге жұмсалады. Алайда жүргізушінің сапасыз бензин құйғанын және ақаудың содан пайда болғанын дәлелдеуі оңайға соқпайды.
Депутат Техникалық реттеу және метрология комитеті жүргізген бақылау сатып алуларының нәтижесіне сүйенді. 2026 жылғы тексеру кезінде сатылған жанармайдың көрсетілген маркаға және белгіленген сапа талабына сай келмеген жағдайлары анықталған. Алматыда АИ-100 ретінде сатылған бензиннің құрамындағы күкірт рұқсат етілген мөлшерден үш еседен астам көп болған.
Қызылорда облысында тексерушілер тағы бір өрескел жайтты тіркеді. Жанармай құю бекетінде АИ-95 деген атаумен АИ-92 бензині сатылған. Асхат Рахимжанов мұндай мысалдар аз еместігін және талапқа сай келмеген сынамалар үлесі әлі де елеулі екенін айтты.
Мәселе әрдайым мұнай өңдеу зауытынан бастала бермейді. Жанармайдың сапасы тасымалдау, қайта тиеу, мұнай базасында сақтау немесе жанармай құю бекетінде сату кезінде төмендеуі ықтимал. Сондықтан ақауға өндіруші, тасымалдаушы, мұнай базасы немесе сатушының қайсысы кінәлі екенін анықтау қиын.
Депутат жанармай нарығындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді ұсынды. Бекеттер мен мұнай базаларынан сынама алдын ала ескертусіз алынуы керек. Бақылау сатып алуларын тұрақты өткізіп, алынған бензинді міндетті зертханалық сараптамаға жіберу қажет.
Бензин чегі көлік жөндеу шығынын қайтарады
Тағы бір ұсыныс жанармайдың әр партиясын мұнай өңдеу зауытынан немесе импорттаушыдан бастап, нақты бекетке дейін бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйе құруға қатысты. Жанармай құю бекеттеріне QR-код орналастыру да қарастырылған. Оны сканерлеген жүргізуші бензиннің қайдан келгенін және зертханалық тексерудің нәтижесін сатып алмай тұрып көре алады.
Ашық мемлекеттік тексеру тізілімін жасау да ұсыныстар қатарына енді. Онда жанармай құю бекетінің атауы, мекенжайы, өңірі, анықталған заңбұзушылық және мемлекеттік орган қабылдаған шара жарияланып отыруы мүмкін. Мұндай жүйе жүргізушіге жанармайды қай жерден құюға болатынын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Асхат Рахимжанов жеткізу тізбегіндегі әр компанияның жеке жауапкершілігін белгілеу керек деп есептейді. Бензин сапасы қай кезеңде бұзылса, шығынға сол буын жауап беруі қажет. Бар кінәні тауарды соңғы болып сатқан жанармай құю бекетіне автоматты түрде арту әділетсіз болуы мүмкін.
Қазіргі тәртіп бойынша көлік иесі сатып алған бензин мен пайда болған ақаудың арасындағы тікелей байланысты өзі дәлелдеуге тиіс. Оған жанармай чегі, зертханалық қорытынды, техникалық диагностика және жөндеу құжаты қажет болуы ықтимал. Осындай күрделі рәсімнің салдарынан көптеген жүргізуші өз шығынын өндіре алмай қалады.
Депутат дәлелдеу тәртібін жеңілдетіп, диагностика мен жөндеу ақысын өтейтін тетік енгізуді сұрады. Жүргізушіге төлем жасалғаннан кейін мемлекет немесе белгіленген оператор қаржыны кінәлі компаниядан өндіріп алуы мүмкін. Алайда өтемнің нақты мөлшері, оны төлеу тәртібі мен жауапты ұйым әзірге белгіленген жоқ.
Депутат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-бабы 5-бөлігінің қолданылу тәжірибесін де талдауды ұсынды. Аталған норма сапасыз мұнай өнімдерін айналымға шығарғаны үшін жауапкершілік қарастырады. Рахимжанов жазаны күшейтіп, талапқа сай келмейтін жанармай партиясын сатылымнан міндетті түрде алып тастауды сұрады.
Оның пікірінше, отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртып, сапалы бензин өндіргенмен, тауар тұтынушыға жеткенше бұзылса, атқарылған жұмыстың әсері төмендейді. Мемлекет жанармай сапасына зауыт қақпасынан шыққан сәтте ғана емес, жүргізушінің көлік багына құйылғанға дейін кепілдік беруге тиіс. Әзірге өтемақы, QR-код және ашық тізілім енгізу депутаттық ұсыныс күйінде қалып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







