Қазақстанда ғалымдардың құқықтары мен академиялық еркіндігі алғаш рет заң жүзінде кепілдікке ие болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, енді ғалымдар зерттеу бағыттарын өздері еркін таңдай алады, ғылыми көзқарастарын еш қысымсыз білдіре алады және халықаралық ғылыми қауымдастықтармен еркін байланыс орната алады.
«Бұған дейін академиялық еркіндік деген ұғым нақты заңмен бекітілмеген еді. Енді ғалымдар сыртқы ықпал мен қысымнан қорықпай, ғылыми зерттеулерін өз қалауларымен жүргізеді», – деді Аймағамбетов.
Сонымен қатар, елімізде ғалымдардың құқығын қорғау үшін жаңа институт Омбудсмен құрылды. Омбудсмен Ұлттық ғылым академиясының жанынан жұмыс істеп, ғалымдардың мүдделерін қорғаумен айналысады.
Омбудсменнің негізгі міндеттері:
- Ғалымдардың құқықтарына қатысты арыз-шағымдарды қарау;
- Құқықтарын қорғау бойынша кеңестер беру;
- Мемлекеттік органдармен, университеттермен, ғылыми мекемелермен тығыз байланыс орнату;
- Ғылым саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеу.
Аймағамбетовтың айтуынша, өзгерістер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым саласын дамыту туралы бастамасына толық сәйкес келеді.
«Бастаманы жүзеге асыруға атсалысқан әріптестерім Мақсат Жабағинге, Мүслім Хасеновке, Мирас Дәуленовке алғыс білдіремін. Осы өзгерістер қазақстандық ғалымдардың мәртебесін көтеріп, отандық ғылымның дамуына серпін береді деп сенемін», – деді депутат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







