Күн электр станциялары дұрыс жерге салынып, алдын ала мұқият жоспарланса, олар қазба отынға тәуелділікті азайтып қана қоймай, өсімдік пен жануарлар әлемінің қайта жандануына да ықпал етуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көп адам күн электр станциясын орман кесу, үлкен жер телімін қоршау және табиғи ортаға араласу ретінде қабылдайды. Мұндай қауіп жоқ емес. Әсіресе биоалуантүрлілігі сақталған, орманы қалың, табиғи экожүйесі бұзылмаған жерге күн панельдерін орнату дұрыс шешім бола алмайды. Ғалымдар да осыны ескертеді. Сау табиғи аумақты құрбан етіп, орнына күн станциясын салу экология тұрғысынан ұтымды қадам емес.
Алайда жағдай басқаша болуы мүмкін. Егер күн электр станциялары бұрыннан тозған, құнары азайған, ауыл шаруашылығында шамадан тыс пайдаланылған немесе табиғи қалпы бұзылған жерлерге салынса, оның пайдасы артады.
Мұндай жағдайда күн панельдері тек электр энергиясын өндіріп қоймай, сол аумақта топырақтың қалпына келуіне, жергілікті өсімдіктердің қайта өсуіне және жәндіктер мен құстардың мекендеуіне мүмкіндік береді.
Nature Conservancy секілді табиғат қорғау ұйымдары күн станцияларын жабайы табиғатқа бейімдеп салу жөнінде арнайы ұсынымдар әзірлеп жатыр. Негізгі қағида қарапайым: алдымен жер дұрыс таңдалуы керек.
Яғни табиғи экожүйесі сақталған орманды немесе жайылымды емес, бұрын бүлінген аумақты пайдалану маңызды. Екіншіден, станция маңында жергілікті өсімдіктер егілгені жөн. Үшіншіден, су сапасын қорғау, топырақ эрозиясын азайту және жануарлар еркін қозғала алатын ашық дәліздер қалдыру қажет.
Осындай тәсіл қолданылған жерде күн электр станциясы бос жатқан темір құрылымдар алаңы емес, шағын экологиялық кеңістікке айналуы мүмкін. Пестицид пен гербицид қолданбау су сапасын жақсартады. Ағаш пен бұта отырғызу топырақты ұстап, жел мен жаңбырдан болатын эрозияны азайтады. Жергілікті гүлдер мен шөптер көбейсе, ара, көбелек және басқа да тозаңдандырушы жәндіктердің саны артады.
Энергия мен экология тепе-теңдігі
АҚШ Энергетика министрлігіне қарасты Ұлттық жаңартылатын энергия зертханасы мен Аргонн ұлттық зертханасының зерттеушілері де осы бағытта қызықты нәтижелерге қол жеткізген.
Ғалымдардың дерегінше, күн станциялары дұрыс жобаланса, жарқанаттар, көбелектер және тозаңдандырушы жәндіктер үшін қолайлы мекен қалыптастыра алады. Кей зерттеулер жергілікті өсімдіктерді дұрыс отырғызу арқылы жәндіктер санын бірнеше есе арттыруға болатынын көрсеткен.
Күн станцияларының тағы бір қызық бағыты «күн жайылымдары». Мұндай аумақтарда қой немесе сиыр күн панельдерінің арасында жайылып, шөпті табиғи жолмен қысқартады әрі жерді тыңайтады. Бұл фермерге де, энергия өндірушіге де тиімді. Бір жағынан, жер бос жатпайды. Екінші жағынан, панель маңын күтіп ұстауға кететін шығын азаяды.
Аграрлық ғалымдар күн панельдерінің астында және арасында көкөніс өсіру мүмкіндігін де зерттеп жатыр. Кей тәжірибелерде панельдердің биіктігі мен еңісі өзгертіліп, олардың астында баклажаннан бастап брокколиге дейін өсіруге болатыны байқалған.
Мұндай тәсіл агровольтаика деп аталады. Яғни бір жерден әрі энергия, әрі ауыл шаруашылығы өнімі алынады.
Әрине, мұндай жобалар қарапайым күн панелін бос жерге орнатып тастауға қарағанда қымбатырақ. Жер таңдау, өсімдік егу, су жүйесін ойлау, жануарлар мекенін сақтау қосымша шығын талап етеді. Бірақ ұзақ мерзімде оның қайтарымы жоғары болуы мүмкін.
Себебі энергия өндірісі табиғатты қалпына келтірумен қатар жүрсе, қоғам үшін де, экономика үшін де, экология үшін де пайдалы нәтиже береді.
Басты мәселе күн энергетикасын табиғатқа қарсы қоюда емес. Керісінше, оны дұрыс жоспарлау арқылы табиғатпен үйлестіруде. Күн панелі көмір мен газды алмастырып, ауаның ластануын азайтады. Ал егер ол тозған жерді қайта тірілтіп, өсімдіктер мен жәндіктерге орта қалыптастырса, жаңартылатын энергияның мәні тіпті арта түседі.
Сондықтан күн станциясын қайда және қалай салу мәселесі шешуші рөл атқарады. Орманды кесіп, панель қою – ұтылыс. Құнары кеткен жерді қалпына келтіріп, энергия өндіру – ұтымды шешім. Болашақ энергетикасының дұрыс бағыты да осы тепе-теңдікті табуда жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







