Қазақстанда Қашаған кен орнында жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу жобасы нақты іске асыру кезеңіне өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба мәселелері Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.
Кеңеске «QazaqGaz» ұлттық компаниясы, PSA ЖШС, NCOC компаниясы акционерлерінің басшылығы және жобаға қатысатын өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазір Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Енді оған қосымша жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін жаңа зауыт жобасы іске асырылады.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Қашағандағы жаңа газ өңдеу зауыты елдің газ саласы үшін стратегиялық маңызға ие. Жоба Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.
Кеңес барысында жобаның қазіргі жай-күйі талқыланды. Сонымен қатар тараптар арасындағы үйлестіру, құрылыс мерзімін сақтау және нысанды уақытылы пайдалануға беру мәселелері қаралды.
Үкімет қаулысымен жобаның EPC-мердігері ретінде China National Chemical Engineering Sixth Construction Company Kazakhstan Branch және China Wuhuan Engineering Corporation Ltd компанияларынан құралған консорциум айқындалған.
Энергетика министрі жобаға қатысушы барлық тарапқа жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырды. Оның айтуынша, құрылыс барысындағы әрбір мәселе жедел шешілуі керек.
Сондай-ақ «QazaqGaz» ұлттық компаниясына жобаның іске асу барысы туралы Энергетика министрлігіне ай сайын ақпарат беріп отыру міндеттелді. Есепте атқарылған жұмыстар, қабылданған шаралар және туындаған мәселелер көрсетілуі тиіс.
Қашағандағы газ өңдеу қуаттарын арттыру Қазақстан үшін маңызды бағыт саналады. Бұл ішкі нарықты газбен тұрақты қамтуға, шикізатты терең өңдеуге және елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жоба толық іске асқаннан кейін Қашаған кен орнындағы газды кәдеге жарату көлемі артады. Сонымен қатар мұнай-газ секторындағы қосылған құны жоғары өндіріс үлесі ұлғаяды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







