Түркістан облысында 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияларға қарсы вакцинация жүріп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалдының мәліметінше, бүгінге дейін 17 690 адамға «Гриппол+» екпесі салынған. Оның айтуынша, өңірде инфекциялық сырқаттарға арналған 683 төсек-орын дайын тұр. Қазір ЖРВИ диагнозымен 603 науқас тіркелсе, 159 азаматтан пневмония анықталған.
Спикер облыста пульмонологиялық көмектің де бөлек ұйымдастырылғанын айтты. Жалпы саны 280 пульмонологиялық төсек-орын бар. Соның 90-ы ересектерге, 190-ы балаларға арналған.
Брифинг барысында Түркістан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова да өңірдің вирустық ауруларға қарсы дайындығына тоқталды. Оның сөзінше, 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 271 348 дозасы қарастырылған. Жоспар бойынша осы көлем арқылы облыс тұрғындарының 12,8 пайызы қамтылуға тиіс.
Қазіргі таңда облыстық қоймаға 96 096 доза вакцина жеткізілген. Қалған екпелер кезең-кезеңімен түскен сайын тиісті топтар мен контингенттерге қысқа мерзімде ұйымдастырылып салынады. Облыста тұмау маусымына дайындық осы тәртіппен жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







