Қазақстан ғылым мен инновация саласында Еуропамен әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Еліміз Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасына қауымдасқан ел мәртебесінде қосылуды жоспарлап отыр. Бұл – әлемдегі ең ірі ғылыми-инновациялық бағдарламалардың бірі. Оның жалпы бюджеті 175 млрд еуроны құрайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай мүмкіндік Қазақстан университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары үшін үлкен жол ашады. Егер ел аталған бағдарламаға толыққанды қатысушы ретінде қосылса, отандық ғалымдар еуропалық гранттарға, бірлескен зерттеу жобаларына және халықаралық ғылыми консорциумдарға тікелей қатыса алады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанның мақсаты – Horizon Europe бағдарламасына толыққанды қатысушы ретінде кіру.
– Біздің мақсатымыз Horizon Europe ғылыми қаржыландыру бағдарламасына толыққанды қатысушы ретінде қосылу. Бұл оңай процесс емес. Қазір оған Еуропалық одаққа кірмейтін Жапония, Оңтүстік Корея, Аустралия секілді ірі елдер қатысады. Біз осы бағыттағы дайындық жұмысын бастап кеттік, – деді министр.
Бұл бастама Қазақстан ғылымы үшін маңызды кезең болуы мүмкін. Өйткені халықаралық ғылыми кеңістікке шығу тек грант алу емес, зерттеу сапасын арттыру, университеттердің бәсекеге қабілетін күшейту және жас ғалымдарға жаңа мүмкіндік ашу деген сөз.
Кездесу барысында Қазақстан тарапы Еуропалық одақ өкілдерімен, Брюссель дипломатиялық академиясымен және жетекші университеттермен білім, ғылым және кадр даярлау саласындағы әріптестікті талқылады. Еурокомиссияның бірнеше құрылымы Қазақстанның бұл ұмтылысына қолдау білдірген.
Университеттерге үлкен мүмкіндік
Брюссель дипломатиялық академиясының директоры Гунтер Хабблом Қазақстан дипломатиялық корпусын кәсіби даярлау мәселесі де талқыланғанын айтты. Оның сөзінше, академия әлемдегі ең мықты тәжірибелік бағдарламалардың бірін ұсынады.
– Біз Қазақстанның дипломатиялық корпусын кәсіби даярлау мәселесін талқыладық. Сонымен қатар Орталық Азияны зерттеу бағытын дамытқымыз келеді. Бұл ретте Қазақстанға өңірдегі маңызды ел ретінде ерекше назар аударылады, – деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, Horizon Europe Қазақстан үшін ғылымдағы жаңа терезе бола алады. Елдің университеттері мен зерттеу орталықтары халықаралық жобаларға жиі қосылса, ғылыми ортада бәсеке күшейіп, зерттеу нәтижелерін экономикаға енгізу мүмкіндігі артады.
Қазақстан қазір жоғары білім мен ғылым жүйесін жаңғыртуға басымдық беріп отыр. Сондықтан еуропалық ғылыми бағдарламаларға қосылу тек академиялық әріптестік емес, елдің технологиялық дамуына, инновациялық экономика қалыптастыруына және жаңа буын ғалымдарын даярлауына әсер ететін стратегиялық қадам ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







