Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Түркістан облысына сапарына өңірдің қарапайым имамдары ақша жинағаны туралы ақпарат тарап кетті. ҚМДБ осы ақпаратқа қатысты тексеріс жүргізіп, нәтижесін жариялады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұған дейін Ораз Әлімбеков есімді желі қолданушысы Бас мүфти мен Түркістан облысының бас имамына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, Түркістан облысының имамдары өңірдегі жағдайды айтып, хабарласқан. Имамдар «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Ержан Төлепов ақша жинайтынын» айтып шағымданған.
«Имамдар «қоңыз теріп, қиналып кетті», — деді желі қолданушысы.
ҚМДБ мәліметінше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиге және Діни басқарма қызметі мен Түркістан облысының бас имамы Е.Төлепов пен іс басқарушы А.Тұрлыбековке қатысты бірқатар айыптау мен бір жақты ақпарат жарияланған.
Діни басқарма жанынан арнайы тексеру комиссиясы құрылып, комиссия мүшелері Түркістан қаласына барып, тағылған айыптарға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізген.
«Түркістан облысында Бас мүфтидің келуіне орай имамдардан ақша жинау әрекеті орын алмаған. Каспи голд арқылы жіберілген қаражат демеушілер тарапынан берілгені және сол қаражат қайырымдылық жұмыстарға, ауызашар дастарқанына, республикалық Құран жарысына, конференция ұйымдастыруға, баспасөзге жазылу сынды іс-шараларға жұмсалғаны анықталды. Аттестация мүшелері үшін ақша жинау фактісі анықталмады және гонорар берілмегені дәлелденді. Бас мүфти сапарының шығындары Діни басқарманың есебінен төленген. Мешіт балансындағы қызметтік көліктің жыл барысындағы барлық шығындары мешіт есебінен төленбеген болып шықты.
Облыстық мешіттің кіріс-шығыс қаражаты толықтай тексеріліп, ешқандай заң бұзушылық пен мақсатсыз қаржы жұмсау фактісі анықталмағанын мәлімдейміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты ресми дерек көздеріне сүйеніп, жалған ақпараттарға сенбеуге шақырады», — деп жазылған хабарлады.