Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнардың түрмедегі жағдайы белгілі болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Зәңгіата ауданындағы әйелдер колониясында (КИН-21) жазасын өтеп шыққан әйелдің айтуынша, Гүлнара Каримова басқалар сияқты жалпы режимдегі жасақта отыр.
«Оған ерекше VIP-камера берілмеген. Бірақ төрт адамдық кереуеттер орналасқан жерді ол көрпемен қоршап, оқшауланып алады екен. Жұмыс істемейді. Бір рет жұмысқа жіберілгенде шу көтергені бар. Түрмеде отырсың ба – бәріне ортақ тәртіпті ұстауың керек қой. Алайда кейбір мәселеде жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бізге берілген киім материалынан бөлек, ауа өткізетін арнайы матадан тігілген киім киеді. Басқаларға рұқсат етілмесе де, бауы бар аяқкиім киюіне рұқсат бар», – дейді аты-жөнін айтпаған әйел Alter Ego арнасына берген сұхбатында.
Гүлнарға келетін ерекше сәлемдеме
Сондай-ақ ол Каримоваға сырттан ерекше сәлемдемелер келетінін айтты.
«Қарапайым тұтқындар сияқты асханадан тамақ ішкен емес. Тек өзіне келген азық-түлікті жейді. Кейде жанына өзіне лайық емес адамдарды жинап алып, сол үшін басшылық тұтқындардың онымен араласуына шектеу қойған болатын», – дейді ол.
Аноним әйелдің айтуынша, Каримова кейде өзге тұтқындардан көмек сұрайтын кездері де болған.
«Маған көмектесіңдерші, сыртпен байланыса алмай жатырмын» деп көмек сұрайды екен. Түрмедегі кейбір әйелдер оны қорлап, кемсітіп жатқанын естігенмін. Бірақ өзі де сондай жағдайға жеткізіп отырады. Шындығында оған ешкім жазалау шараларын қолданбайды, қалаған нәрсесінің бәрін алып отыр. Әділ жаза алды ма, білмеймін. Дегенмен темір тордың ішіне түскен соң басыңдағы тәжіңді шешіп, қарапайым адамдармен тең жүрген дұрыс еді», – дейді сұхбат беруші.
Каримова туралы не білеміз?
Гүлнара Каримова – Ислам және Татьяна Каримовтардың үлкен қызы. 2017 жылы Өзбекстан Бас прокуратурасы Гүлнара Каримованы ақша жымқыру және бопсалау ісі бойынша айыпты деп танып, оған бес жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанын мәлімдеген еді. Бұл үкім 2015 жылы шыққан болатын.
Сондай-ақ Каримоваға қатысты басқа да қылмыстық істер қозғалған. Ол бөтеннің мүлкін иемденген, оффшорлық шоттарға 1,942 миллиард доллар мен 29,1 миллион еуро сомасында қаржы жасырған, құжаттарды қолдан жасап, кедендік заңдарды бұзған деген айыппен тергеуге алынды.
2017 жылдың 18 желтоқсанында жаңа қылмыстық іс бойынша ол он жылға бас бостандығынан айырылды.
Бастапқыда Каримова жазасын қызы Иманның тұрғылықты жерінде өтеуі тиіс болатын. Оған үйден шықпау, интернет пен байланыс құралдарын қолданбау және мемлекетке келтірілген шығынды өтеу міндеттері қойылды. Алайда 2019 жылы наурызда осы шарттарды бұзғаны үшін жазасы жалпы режимдегі колонияға ауыстырылды.
Кейіннен Ташкент қалалық соты оны қылмыстық топ құрды деген айып бойынша кінәлі деп танып, 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Сот бұл жазаның мерзімін ел заңнамасына сәйкес және бұған дейін шығарылған үкімдерді ескере отырып, 2015 жылғы 21 тамыздан бастап есептеуге шешім шығарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

