Tencent, Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе, басқарушы команданың негізгі мүшелері және ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлар Baring Fintech Venture Funds қорымен бірге Kaspi.kz-ке инвестиция салды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компанияның мәліметінше, аталған тараптар Kaspi.kz-тің 6 миллионға жуық америкалық депозитарлық акциясын сатып алу мәмілесін аяқтаған. Осылайша Tencent Kaspi.kz-тің ірі акционерлерінің қатарына қосылды.
Михаил Ломтадзенің айтуынша, Tencent Қытайдағы ең ірі технологиялық компаниялардың бірі саналады. Ол үздік қосымша бизнес-моделін қалыптастырған пионерлердің бірі және 1,3 миллиардтан астам адам қолданатын WeChat платформасының негізін қалаушы. Ломтадзе Tencent-тің Kaspi.kz акционерлерінің қатарына енуін компания үшін үлкен мәртебе деп бағалады.
Оның сөзінше, өзінің жеке инвестициясы және басқарушы команданың негізгі мүшелерінің қатысуы Kaspi.kz-тің бизнес-моделі мен ұзақ мерзімді стратегиясына деген берік сенімді көрсетеді.
Сонымен қатар компания акционерлер қатарына қаржытех бағытына маманданған Spice Expeditions халықаралық инвестициялық компаниясы, АҚШ-тағы Washington University және WISIMCO мен University of Wisconsin Foundation секілді университеттік инвестициялық қорлар қосылғанын да хабарлады.
Kaspi.kz миссиясы, клиенттер мен серіктестердің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен қызметтер ұсыну. Қазір компания сервистерін Қазақстан мен Түркияда 25 миллионнан астам клиент және 900 мың серіктес пайдаланады.
Қазақстанда Kaspi.kz суперқосымшасы төлем, электронды коммерция, онлайн супермаркет, финтех, саяхат, хабарландыру, мемлекеттік қызметтер және өзге де сервистерді біріктіреді. Түркияда компания елдегі жетекші электронды коммерция платформаларының бірі Hepsiburada-ның 86 пайыз үлесіне ие. Kaspi.kz 2024 жылдың қаңтарынан бері Nasdaq биржасында саудаланып келеді.
Kaspi.kz Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсету тарифін көтермейді, сондай-ақ Kaspi Pay қызметіне қатысты ешқандай өзгеріс енгізбейтінін айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

