Танымал журналист Ербол Мәндібек актер, шоумен Қайрат Әділгерейді несиенің батпағынан шығарып алайық, жағдай жоқ екен деп үндеу жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Журналистің айтуынша, елге танымал өнер иесі Қайрат Әділгерей қазір 60 миллион теңге несие төлеп жүр екен. Былтыр киносы 1 миллиард теңгеге жуық касса жинағанымен, ол қаражаттың басым бөлігі өндіріс шығынына, ұйымдастыру жұмысына, жарнамаға және өзге де міндеттемелерге кеткен көрінеді. Сондықтан әртістің өзіне көп ақша қалмапты.
Ербол Мәндібек осыған байланысты көпшілікке үндеу жасап, жуырда прокатқа шығатын «Хотя бы кинода-4» фильміне халық болып барып, кассасын толтыруға шақырды.
Оның сөзінше, отандық әртісті де, отандық киноны да қолдау керек. Тіпті «Хотя бы бір қазақ кредиттен құтылсын» деген әзіл аралас пікір де айтты.
Әрине, отандық киноны қолдау қажет. Қазақ тіліндегі фильм көбейіп, актерлер еңбегі бағаланғаны дұрыс. Бірақ кинодан миллиард жинаған әртістің несиесін қарапайым халық жабуға тиіс пе? Өнер адамы қиындыққа тап болса, оны көрермен касса арқылы құтқаруы керек деген түсінік қаншалықты әділ?
Қазір ел ішінде несие төлеп отырған адам аз емес. Бірі үй үшін, бірі ем үшін, бірі баласының оқуына қарыз алған. Көпшіліктің жағдайы да мәз емес. Сондықтан танымал адамның жеке қаржылық қиындығын ұлттық мәселеге айналдыру сәл ыңғайсыз көрінеді.
Кім жетісіп жүр дейсіз? Осы әртістер-ақ сәл қиындыққа тап болса, халыққа арқа сүйейді. Ұят емес пе? Несиені халық үшін алып па еді? Отандық киноны қолдау басқа, ал біреудің жеке қарызын көпшіліктің мойнына эмоциямен іле салу ақылға сыймайды екен.
Танымал журналист Ербол Мәндібек бұған дейін Алматыда Баян Мақсатқызына ескерткіш орнатуды ұсынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







