«Қазақмыс» кәсіпорындарында өндірістік аумақтарды абаттандыруға арналған бірыңғай тазалық күні өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компаниялар тобына қарасты Жезқазған, Балқаш, Қарағанды өңірлері мен Жамбыл облысындағы өндірістік алаңдарда еңбек ететін қызметкерлер ортақ іске жұмылдырылды. Іс-шараға барлығы 981 жұмыскер қатысты.
Тазалық күні аясында өндірістік аумақтар мен іргелес жерлер қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ нысандардың санитарлық жағдайын жақсарту, жұмыс кеңістігін ретке келтіру, қоғамдық аймақтарды абаттандыру жұмысы жүргізілді.
Акция қорытындысы бойынша 14,65 тонна тұрмыстық және өндірістік қалдық жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Қызметкерлер инфрақұрылым элементтерін сырлап, әктеу жұмыстарын да атқарды.
Компания өкілдерінің айтуынша, өндірістік нысандарда тазалық пен тәртіпті сақтау еңбек мәдениетінің маңызды бөлігі саналады. Мұндай шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын күшейтуге, жұмысшыларға қолайлы орта қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған.
«Қазақмыс» тобы кәсіпорындарында абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Компания мұндай бастамалар өндіріс мәдениетін арттырып, өндірістік инфрақұрылымды тиісті деңгейде ұстауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







