Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының ұлттық жүк әуе компаниясын дамытуды тапсырды. Сонымен қатар теңіз және теміржол тасымалын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» өкілдері және Turlov Private Holding жүк әуе компаниясының жұмысын ұйымдастыру, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету тәсілдері қаралды. Негізгі назар Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуге, әуе, теңіз және теміржол бағыттарын бір логистикалық жүйеге біріктіруге аударылды.
Кеңесте Қытай – Қазақстан – Батыс Еуропа бағыты бойынша қолайлы жағдай қалыптастыру мәселесі талқыланды. Ұлттық жүк әуе компаниясын транзиттік жүк хабы ретінде дамыту үшін әуе кемелерін кезең-кезеңімен енгізу, операциялық қызметті жедел іске қосу, сондай-ақ бәсекелі баға бойынша авиаотынмен қамтамасыз ету тетіктері қарастырылды.
Сонымен қатар жүк тасымалына қажет ілеспе инфрақұрылымды дамыту мәселесі көтерілді. Әуежай қуатын арттыру, жүк терминалдарын кеңейту, қойма логистикасын жақсарту және әуе арқылы келетін жүкті басқа көлік түрлерімен тиімді байланыстыру маңызды бағыт ретінде белгіленді. Мұндай шешім Қазақстанның халықаралық жеткізу тізбегіндегі орнын күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық порттардың әлеуеті артады
Премьер-министр қатысқан кеңесте теңіз тасымалы да назардан тыс қалған жоқ. Орталық Азиядан Кавказға және Батыс Еуропа елдеріне шығатын жүк көлемін арттыру үшін Ақтау және Құрық теңіз порттарын толық жүктеу шаралары талқыланды. Каспий бағытындағы порттардың тиімді жұмысы Транскаспий халықаралық көлік бағытының бәсекеге қабілетін арттыру үшін маңызды.
Теміржол саласы бойынша инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту және қазақстандық теміржол желісін дамыту жоспарлары айтылды. Өткізу қабілетін арттыру, тасымал жылдамдығын күшейту және тарифтік саясатты жетілдіру теміржол логистикасындағы негізгі міндет қатарында қаралды.
Қазақстан үшін көлік-логистика саласы экономиканың қосымша бағыты ғана емес, географиялық артықшылықты нақты табысқа айналдыратын стратегиялық салаға айналып келеді. Әуе жүк тасымалы, теңіз порттары және теміржол желісі бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеген жағдайда ел Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді транзиттік көпір рөлін күшейте алады.
Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға бірқатар нақты тапсырма берді. Негізгі міндет – Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды уақытылы орындап, ұлттық жүк әуе компаниясының тұрақты жұмысын жолға қою, порттар мен теміржол инфрақұрылымының мүмкіндігін толық пайдалану.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







