Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияның Handelsblatt іскерлік басылымында жарияланған мақаласы Қазақстанның Берлинге қандай серіктестік ұсынатынын айқын көрсетті. Астана шикізат сатушы ел мәртебесінен шығып, Германиямен бірге толық өндірістік тізбек қалыптастыруды көздеп отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мақаланың жариялану уақыты да кездейсоқ таңдалмаған. Әлемдік нарықта энергия ресурстары, стратегиялық минералдар мен сенімді көлік дәліздері үшін бәсеке күшейді. Еуропа Ресейге және Қытайға шамадан тыс тәуелділікті азайтатын жаңа серіктестер іздей бастады.
Тоқаев осы жағдайды Қазақстанның экономикалық мүмкіндігіне айналдыруды ұсынып отыр. Президенттің Германияға сапары саяси хаттамадан гөрі өндірістік келіссөзге көбірек ұқсайды. Handelsblatt арқылы айтылған ұсыныстар тікелей неміс бизнесіне, өнеркәсіптік корпорациялар мен инвестициялық орталарға бағытталған.
Берлинге ұсынылған жаңа экономикалық мәміле
Мақаланың негізгі өзегі стратегиялық минералдарды жай ғана экспорттау мәселесінен әлдеқайда ауқымды. Қазақстан Германияға геологиялық барлаудан бастап кен өндіру, өңдеу, компонент шығару және қалдықты қайта пайдалануға дейінгі толық өндіріс тізбегін бірге құруды ұсынып отыр. Мұндай тәсіл жүзеге асса, ел шикізат жеткізуші рөлінен технологиялық және өндірістік серіктес деңгейіне көтеріледі.
Қазақстан Еуропа экономикасы үшін маңызды саналатын 34 шикізаттың 21 түрін өндіреді. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар. Аталған ресурстар электромобиль, аккумулятор, микроэлектроника, машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі және цифрлық технология үшін аса қажет.
Германияға да дәл осындай тұрақты әрі саяси тұрғыдан сенімді жеткізу тізбегі керек. Неміс өнеркәсібінің қуаты технологиясында болғанымен, оның әлсіз тұсы маңызды шикізаттың сырттан келуіне тәуелділігінде жатыр. Қазақстан сол тәуелділікті азайтатын балама ұсынып, есесіне технология, капитал және өндірістік құзырет алуға ниетті.
Президент Қазақстан Германия нарығына 80-нен астам дайын өнім түрін жеткізе алатынын атап өтті. Металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі және теміржол машинасын жасау салаларында пайдаланылмаған мүмкіндік жеткілікті. Демек Астана сауда көлемін көбейтумен қатар, экспорттың құрылымын өзгертуді көздеп отыр.
Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіндегі Қазақстан
Энергетика мақаладағы екінші ірі тірекке айналды. Қазақстан Еуропа Одағы импорттайтын мұнайдың шамамен 13 пайызын және табиғи уранның 20 пайызын қамтамасыз етеді. Президент осы көрсеткіштер арқылы елдің Еуропа энергетикалық қауіпсіздігіндегі салмағын аңғартты.
Қазақстан мұнай мен уран жеткізетін дәстүрлі серіктестікпен шектелгісі келмейді. Жаңартылатын энергия көздері, электр желілерін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру бағыттарына неміс технологиясын тарту ұсынылып отыр. Мұндай ынтымақтастық Қазақстанның тозған энергетикалық инфрақұрылымын жаңартуға да мүмкіндік береді.
Алайда ұзақмерзімді келісімдер тасымал жолдарының тұрақтылығына тәуелді. Геосаяси шиеленіс дәстүрлі бағыттардың әлсіздігін көрсетіп, Каспий арқылы өтетін балама дәліздердің маңызын арттырды. Тоқаев осы тұста Қазақстанды Еуропаның энергетикалық әрі логистикалық қауіпсіздігін қатар қамтамасыз ететін ел ретінде көрсетеді.
Орта дәліз Германия бизнесіне жол ашады
Президенттің мақаласында Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше орын алды. Биылғы сегіз айда осы дәлізбен тасымалданған жүк көлемі 22 пайызға, ал Шығыс-Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға өскен. Жаңа жобалар Қытай мен Еуропа арасындағы жолды шамамен 1000 шақырымға қысқартуға тиіс.
Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы жеткізілетін жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағын басып өтеді. Мұндай географиялық артықшылық елдің транзиттік рөлін күшейтеді, бірақ жолдың бойында табыс әкелетін өндіріс құрылмаса, оның экономикалық қайтарымы шектеулі күйде қалады. Сондықтан көлік дәлізін индустриялық аймақтармен, қоймалармен, өңдеу кәсіпорындарымен және әуе хабтарымен байланыстыру маңызды.
Германия үшін Орта дәліз Қытай және Орталық Азия нарықтарына шығатын балама бағыт саналады. Қазақстан үшін ол Еуропа технологиясы мен инвестициясын тартатын экономикалық артерияға айналуы мүмкін. Осы мүдделер тоғысқан жағдайда теміржол, порт, логистика және авиация саласында жаңа бірлескен жобалар пайда болады.
Мақаладағы басты саяси ишара
Тоқаев экономикалық ұсыныстарды саяси сеніммен байланыстырды. Оның пайымынша, халықаралық тұрақсыздық кезеңінде капитал ең алдымен уағдаластықты орындайтын және ұзақмерзімді саясат жүргізетін мемлекетке барады. Сондықтан мақалада Қазақстандағы реформалар, халықаралық құқық және теңгерімді сыртқы саясат туралы арнайы айтылған.
Берлинге жолданған негізгі ишара анық көрінеді. Қазақстан Германиядан дайын өнім сатып алатын нарық қана болып қалмай, өндіріс, технология және маман даярлау саласындағы тең серіктес болуға ұмтылады. Неміс стандарттарымен білім алған қазақстандық инженер туралы тезис осы болашақ модельдің адамдық бейнесін көрсетеді.
Ұсыныстың сәттілігі енді нақты келісімдерге байланысты. Геологиялық барлау басталып, минерал Қазақстанда өңделіп, дайын компонент ретінде Германия өнеркәсібіне жеткізілсе, сапардың тарихи маңызы артады. Ал ынтымақтастық шикізат сатып алу келісімдерімен шектелсе, мәлімделген жаңа экономикалық модель толық жүзеге аспайды.
Handelsblatt-тағы мақала Қазақстанның Еуропаға бағытталған жаңа экономикалық манифесі іспетті. Астана табиғи байлықты жай сатуға емес, сол байлықтың айналасында өндіріс, технология және адами капитал қалыптастыруға ұсыныс жасап отыр. Ендігі шешуші мәселе Германияның осы ұсынысқа қандай инвестициямен және технологиялық міндеттемемен жауап беретініне тіреледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







