Қазақстанда қуаттылығы жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алатын төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын салу жобасы практикалық іске асыру кезеңіне өтіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елде болашақта мұнай-химия кластерінің орталығына айналуы мүмкін жаңа ірі кешен салуға дайындық басталды. Қазір жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.
Энергетика министрлігі мұнай өңдеу және мұнай-химия саласындағы уәкілетті орган ретінде жобаны ведомствоаралық деңгейде үйлестіреді. Жобаның тапсырыс берушісі – «Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы SK Ondeu.
Алдағы алты ай ішінде халықаралық инжинирингтік команда кешенді зерттеу жүргізеді. Соның қорытындысы бойынша Үкіметке болашақ зауыттың техникалық және экономикалық параметрлері ұсынылады.
Алдын ала ТЭН аясында бірнеше негізгі мәселе пысықталады. Ең алдымен зауытты шикізатпен қамтамасыз етудің тиімді схемасы қаралады. Қашаған мен Теңіз кен орындарының мұнайын өңдеу, сондай-ақ қолданыстағы құбыр инфрақұрылымы арқылы аралас шикізат пайдалану нұсқалары бағаланады.
Зауыт салынатын орынды таңдау да маңызды бағыттың бірі болмақ. Сарапшылар көлік логистикасын, теміржол инфрақұрылымына қолжетімділікті, дайын өнім өткізетін нарықтарға жақындықты, экологиялық талаптарды және инженерлік коммуникациялардың бар-жоғын саралайды.
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жаңа кешен құрылысы ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін стратегиялық әрі прагматикалық қадам саналады. Министр жобаның орналасуы мен конфигурациясына қатысты барлық шешім экономикалық тиімділік пен нақты техникалық есепке сүйеніп қабылданатынын атап өтті.
Жобада ғылыми-зерттеу бағытына да мән беріледі. Отандық ғылыми орталықтар мен бейінді жоғары оқу орындары тартылып, R&D құрылымдары отын стандарттарын, технологияларды және катализаторларды жетілдірумен айналысады. Университеттер болашақ өндіріс үшін қажетті кадр даярлауға қатысады.
Алдын ала құжаттама дайын болғаннан кейін Үкімет жобаны жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу сатысына көшіру, халықаралық инвесторлар тарту және зауыт құрылысын бастау мәселесін қарайды.
Жоба мұнай өңдеу саласын 2025-2040 жылдарға дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – экономиканы шикізаттық модельден терең өңдеуге кезең-кезеңімен көшіру, ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен қамту және мұнай-химия әлеуетін арттыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







