Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі елде ірі дата-орталық салу жөнінде халықаралық консорциуммен меморандумға қол қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаға Dornan Engineering Group және Ample Solutions Hong Kong компаниялары қатысады. Келісім аясында Қазақстанда сенімділігі жоғары Tier III–Tier IV деңгейіндегі дата-орталық салу жоспарланып отыр.
Нысанның қуаты 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін болуы мүмкін. Ең жоғары қуатты дата-орталыққа салынатын инвестиция көлемі 1,5 млрд доллардан 3 млрд долларға дейін бағаланып отыр. Мұндай жоба іске асса, елдің цифрлық инфрақұрылымындағы ең ірі бастамалардың біріне айналады.
Дата-орталықты тұрақты энергиямен қамту үшін қуаты 250 МВт-қа дейін жететін газ электр станциясын салу көзделген. Оған 200 млн доллардан 400 млн долларға дейін инвестиция тартылуы мүмкін.
Қазір нысанды орналастыруға арналған ықтимал алаңдар қарастырылып жатыр. Басымдық газ инфрақұрылымына қолжетімді өңірлерге беріледі. Себебі мұндай көлемдегі дата-орталық үздіксіз әрі сенімді энергия көзін қажет етеді.
Жобаның маңызы тек сервер орналастырумен шектелмейді. Ірі дата-орталықтар жасанды интеллект, бұлтты есептеу, қаржы технологиясы, электронды үкімет, киберқауіпсіздік және деректерді сақтау салалары үшін негізгі инфрақұрылым саналады.
Қазақстан үшін мұндай бастама цифрлық егемендік пен технологиялық тартымдылықты күшейтуге мүмкіндік береді. Егер жоба толық іске асса, ел өңірлік деректер хабына айналып, халықаралық технологиялық компаниялар үшін жаңа алаң ұсына алады.
Мемлекет басшысы жиында әлем технологиялық трансформацияның жаңа кезеңіне аяқ басқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі өзгерістер XIX-XX ғасырлардағы индустриялық революциямен салыстыруға келмейді. Себебі жаңа технологияның жылдамдығы мен ауқымы әлдеқайда кең. Физикалық өмір мен цифрлық кеңістік арасындағы шекара барған сайын көмескіленіп барады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







