Қазақстан отандық өндірушілерді жекелеген жеңілдіктермен қолдаудан ішкі өндірісті жүйелі түрде күшейту моделіне көшіп жатыр. Ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесі 83 пайызға жетіп, Үкімет ендігі басымдықты өндірісті кеңейтуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және «Қазақстанда жасалған» өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға бағыттап отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау Қазақстанның экономикалық саясатындағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Жаңа тәсіл жекелеген кәсіпорындарға уақытша көмек көрсетумен шектелмейді. Мемлекет ішкі өндірістің қуатын арттырып, экономикалық дербестікті күшейтетін тұтас экожүйе қалыптастыруға кірісті.
Мұндай бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндетпен үндеседі. Негізгі мақсат — Қазақстанның экономикалық дербестігін нығайтып, отандық өндірістің тұрақты өсуіне жағдай жасау.
Қазір қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі 83 пайызға жеткен. Бірінші жартыжылдықтағы ішкі тауар айналымының көлемі 36 трлн теңгеден асқан.
Сауда желілерінде ең көп сатылатын 20 тауардың 14-і Қазақстанда өндірілген. Ірі сауда желілерінің сөрелеріндегі отандық өнімнің үлесі 81 пайызды құрайды.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов импорттық тауарлардың отандық өнімге қарағанда артықшылыққа ие болуына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге сауда орындарын жалға алу құнының жоғары болуы да Үкімет назарындағы мәселелердің қатарына кірді.
Соңғы бір жарым жылда отандық тауар өндірушілерді қолдау Министрлер кабинетінің негізгі экономикалық бағыттарының біріне айналды. Соңғы Үкімет отырысында Олжас Бектенов ішкі нарықты қазақстандық тауарлармен белсенді толықтыруды және олардың шетелдік нарықтағы үлесін қатар ұлғайтуды тапсырды.
Мемлекеттік қолдау енді уақытша жеңілдік емес, экономикалық егемендік пен болашақ бәсекеге қабілеттілікке салынатын инвестиция ретінде қарастырылып отыр. Негізгі қағида — сапалы әрі нарықта бәсекеге түсе алатын өнім шығаруға қабілетті кәсіпорындарды қолдау.
Қолжетімді қаржыландыру ауыл шаруашылығын алға бастырды
Қазақстан бүгінде негізгі азық-түлік түрлері бойынша ішкі сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Бірінші жартыжылдықта азық-түлік өндірісі 10 пайыз өскен.
Ендігі міндеттердің бірі — Қазақстанды ет өнімдерін экспорттайтын жетекші мемлекеттердің қатарына орнықтыру. Осы мақсатта мал шаруашылығы саласын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарланған.
«Басым бағыттардың бірі мал шаруашылығын, әсіресе мультипликативтік әсері жоғары ет бағытындағы өндірісті дамыту болуға тиіс. Осы әлеуетті барынша пайдаланып, Қазақстанның сыртқы нарықтағы ет өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің бірі ретіндегі позициясын нығайту маңызды. Ұлттық экономика министрлігіне мал шаруашылығы және инвестициялық жобаларды кредиттеу үшін «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталын ұлғайту жөніндегі қаржы-экономикалық негіздемені қысқа мерзімде қарап, қорытынды беруді тапсырамын», — деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Қазақстанның Астық консорциумының мал шаруашылығы жөніндегі директоры Анатолий Рафальский 40 жылдан астам еңбек өтілінде агроөнеркәсіп кешеніне мемлекет тарапынан мұндай деңгейде назар аударылғанын алғаш рет көріп отырғанын айтады.
Оның пікірінше, мемлекеттік саясаттың нәтижесі қазірдің өзінде нақты байқала бастаған.
«Ең маңыздысы — осы қызығушылық нақты нәтиже беріп отыр. Соңғы жылдары заманауи отандық сүт және ет шаруашылықтары көптеп пайда болды. Фермерлердің жаңа буыны қалыптасып келеді, сапалы асыл тұқымды мал белсенді түрде әкелінуде. Сонымен қатар мақтан тұтуға болатын қазақтың ақбас сиыры секілді отандық тұқым да табысты дамып жатыр», — деді Анатолий Рафальский.
Сарапшы саланың алға жылжуына қолжетімді қаржыландыру маңызды ықпал етіп отырғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне төмен мөлшерлемемен 7-10 жылға жеңілдетілген несие беру тетігі іске қосылған.
«Осындай жағдайлардың арқасында Қазақстандағы мал шаруашылығының болашағына оптимизммен қараймын. Саланың дамып келе жатқаны және дұрыс бағытта ілгерілеп жатқаны анық», — деді ол.
Кешенді қолдау сыртқы сауда көрсеткіштеріне де әсер ете бастаған. Өткен жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты шамамен 40 пайыз өсіп, 7 млрд долларға жеткен.
Рафальскийдің пікірінше, мемлекеттің мақсаты жекелеген экспорттық партиялармен шектелмей, ет өндірісін тұрақты сыртқы сауда бағытына айналдыру болуы керек.
«Президент пен Үкімет Қазақстанды ет бағытындағы мал шаруашылығы бойынша танымал экспорттаушы мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Әңгіме есеп үшін жасалатын бір реттік жеткізілімдер туралы емес. Сапалы отандық етке негізделген ірі экспорттық бағыт қалыптастыру қажет», — деді ол.
Сарапшы мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының капиталды көп қажет ететін салаларының бірі екенін еске салды. Мұнда бастапқы инвестиция көлемі жоғары, ал жұмсалған қаражаттың қайтарымы ұзақ мерзімді талап етеді.
Сондықтан тұрақты экспорт өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтетін ғана емес, бүкіл саланың инвестициялық тартымдылығын арттыратын стратегиялық фактор саналады.
Келесі кезеңде Қазақстан шетел нарығындағы позициясын жүйелі түрде нығайтуды көздейді. Ол үшін басым мемлекеттер, сауда желілері және экспортқа шығару әлеуеті жоғары тауар санаттары анықталмақ.
Отандық өндірушілерге халықаралық сертификат алуға, логистиканы ұйымдастыруға және қазақстандық өнімді шетелдік дүкендердің сөрелеріне орналастыруға көмектесетін қолдау шаралары әзірленеді.
Жаңа модельдің тағы бір маңызды элементі — бизнесті қолдаудың цифрлық инфрақұрылымы.
Түпкі мақсаты тек импорт көлемін қысқарту емес
Жыл соңына дейін Қазақстанда тауар қозғалысын қадағалайтын бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылуға тиіс. Платформа Ұлттық өнім каталогын, салық органдарының мәліметтерін және отандық өндірушілер тізілімін бір ортаға біріктіреді.
Соның көмегімен ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің нақты үлесін және мемлекеттік қолдаудың қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын объективті бақылауға мүмкіндік туады.
Алдағы бір айда бейінді министрліктер ел үшін стратегиялық маңызы бар импорттық тауарлардың, шикізат пен құрамдас бөлшектердің тізімін әзірлейді. Қазақстанда өндіруге болатын әрбір позиция бойынша өндірісті іске қосу немесе қолданыстағы қуатты кеңейтуге арналған жеке жоспар дайындалмақ.
Үкімет отандық өнімнің нарыққа шығуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды да қайта қарамақ.
Мұнда Отандық өндірушілер тізілімі мен мемлекеттік сатып алу жүйесіне ерекше рөл берілген. Қазір қазақстандық өнімге 5,3 мыңнан астам тауар позициясы бойынша басымдық қарастырылған.
Осы саясаттың түпкі мақсаты тек импорт көлемін қысқарту емес. Үкімет ішкі сұранысты отандық өндірісті кеңейтетін тұрақты нарыққа, ал мемлекеттік сатып алуды жаңа кәсіпорындардың өсуіне ықпал ететін экономикалық құралға айналдыруға ұмтылып отыр.
Нәтижесінде «Қазақстанда жасалған» белгісі баға немесе тауардың шыққан жерін ғана көрсететін таңба емес, сапамен байланысты ұлттық брендке айналуы керек.
Мемлекеттік қолдау осылайша бизнестің қысқамерзімді мәселесін шешетін құралдан экономикалық дербестікті қалыптастыратын ұзақмерзімді саясатқа ауысып келеді. Оның нәтижесі отандық кәсіпорындардың ішкі нарықтағы үлесімен ғана емес, Қазақстанда өндірілген тауарлардың халықаралық бәсекеге қаншалықты төтеп бере алатынымен өлшенбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







