Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жарияланады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Абзал Құспан мәлімдеді. Депутаттың сөзінше, биылғы рақымшылықтың ерекшелігі алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен бірге әкімшілік рақымшылық та жүргізіледі.
Қылмыстық рақымшылыққа сәйкес:
- Осы заң қолданысқа енгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, қауіпсіздігі төмен қылмыстар, зияны өтелген немесе зиян келтірілмеген орташа ауыр қылмыстар бойынша істер тоқтатылады;
- Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша сотталғандар жазадан босатылады (қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және зияны өтелген орташа ауыр қылмыстар);
- Орташа ауыр қылмыстарға жаза мерзімі жартысына қысқарады, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады.
Дегенмен…
Рақымшылық аса қауіпті санатқа жататын: жемқорлық, терроризм мен экстремизм, кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық, азаптау, рецидивті қылмыстар мен сырттай үкім шығарылған тұлғаларға қолданылмайды.
Әкімшілік рақымшылық бойынша:
- Әкімшілік айыппұл түріндегі жазадан Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, сот орындаушылары, адвокаттар мен заң кеңесшілері босатылады;
- Соттар салған айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға рақымшылық тарамайды.
Абзал Құспан заң жобасының адам, қоғам және мемлекеттің мүдделерін тең ұстауға бағытталғанын атап өтті. Құжат қосымша қаржылық шығынды талап етпейді және қоғамға жағымсыз әсер етпейді.
«Бұл ма, бұл қателігін мойындап, түзелу жолына түскен азаматтарға мемлекеттің жасаған ізгі қадамы», – деді депутат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







