2022 жылдан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті атқарған жұмыстың экономикалық тиімділігі 10 трлн теңгеге жеткен. Соның 1,6 трлн теңгесі мемлекет қазынасына қайтарылды. ҰҚК төрағасы, генерал-лейтенант Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залал 23,8 млрд теңге көлемінде есептелген. Соның 5,4 млрд теңгесі өндірілді. Арнаулы қызметтің бейінді бөлімшесі 906 құқық бұзушылықты тіркесе, оның 770-і жемқорлық дерегіне қатысты болған.
Құқық қорғау органдарымен бірлескен операциялар барысында 75 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Олардың мүшелері адам өлтіру, қарақшылық және бопсалаумен айналысқан.
Алматы облысында жазасын өтеп жатқан сотталғандар басқаратын қылмыстық желі әшкереленді. Топ қымбат көліктерді ұрлаумен айналысып, иелеріне 2 млрд теңге шығын келтірген.
Есірткі тасымалына қарсы күресте 339 арнаның жолы кесілді. Арнаулы қызмет 13,2 тонна кокаин, 7,5 тонна марихуана, 2,1 тонна гашиш, 906 келі героин және 403 келі апиын тәркіледі.
Синтетикалық есірткі өндіретін 106 зертхана жойылды. Негізгі өндіріс ошақтары Алматы қаласында, сондай-ақ Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында орналасқан.
Соңғы төрт жылда шекарашылар 100 мыңнан астам адамды Қазақстан аумағынан шығарған. Мемлекеттік шекараны бұзған 6 мыңнан аса адам ұсталып, 2,5 мың қылмыстық іс қозғалды.
Шекарада қару-жарақ пен есірткі алып өтпек болған 20 мың дерек, тауар контрабандасының 37 мың жағдайы және 900 браконьерлік әрекет тоқтатылды. Осы жұмыстың арқасында алдын алынған экономикалық шығын 200 млрд теңгеден асты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







