Алматының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» ісі бойынша кезекті отырыс өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
29 маусымда сотта МИА «ҚазТАГ» басшылары Асет Матаев пен Амир Касеновке қатысты қылмыстық істі қарау жалғасты. Алайда сот дәлелдерді зерттеу кезеңіне бірден өте алған жоқ. Отырыста қорғау тарапы тағы да бірқатар процессуалдық өтінішхат мәлімдеді.
Сот отырысын төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков жүргізді. Ол алдымен процеске қатысушылардан айыптау актісін алған-алмағанын нақтылады. Осыдан кейін «ҚазТАГ» бас редакторы Амир Касеновтің адвокаты Сәлімжан Мусин құжат тиісті тәртіппен табысталмағанын айтты.
Мемлекеттік айыптаушы Мөлдір Канисова бұл уәжге қарсы болды. Оның айтуынша, айыптау актісі Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сай берілген. Құжаттың алынғаны қолхатпен расталған.
Соған қарамастан, қорғау тарапы бірнеше өтінішхат көтерді. Олардың арасында алдын ала тыңдау өткізу және қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы талаптар бар.
Отырыс барысында сотталушылар залда айтылған сөзді нашар еститінін де мәлімдеді. Осыған байланысты судья процеске қатысушылардан қаттырақ сөйлеуді сұрады.
Сонымен қатар Асет Матаевтің адвокаты Елена Жигаленок төрағалық етуші судьяға қарсылық білдірді. Бұл да соттың негізгі дәлелдерді зерттеу кезеңіне өтуін кешеуілдеткен процессуалдық мәселенің бірі болды.
Істі қарау бұған дейін де бірнеше рет кідірген. 22 маусымдағы отырыс Амир Касеновтің келмеуіне байланысты өтпеген еді. Ол бұған дейін бұлтартпау шарасы өзгергеннен кейін аштық жариялаған. Кейін аштықты 26 маусымда тоқтатқаны белгілі болды.
29 маусымдағы отырыстан кейін келесі тыңдау 30 маусымға белгіленді. Бірақ қорғау тарапы сот әрекеттерімен келіспейтінін тағы білдірді. Сот ғимаратының дәлізінде адвокаттар мен сот қызметкерлері арасында эмоциялық пікірталас болғаны айтылды. Адвокат Елена Жигаленок сот басшылығы шықпайынша ғимараттан кетпейтінін мәлімдеген.
Сырт көзге процессуалдық тартыс негізгі дәлелдерді қарау кезеңін кейінге ысырып жатқандай көрінеді. Соңғы отырыстарда сот көптеген өтінішхат, қарсылық және басқа да процессуалдық мәселені қарауға мәжбүр болды.
Дегенмен істің нақты мән-жайы дәлелдерді зерттеу барысында айқындалуы тиіс. Айыптау мен қорғау тарапының уәжіне құқықтық бағаны сот береді. Ал сотталушылардың кінәлі немесе кінәсіз екені тек сот үкімімен анықталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







