Саясаттанушы Ілияс Бақтығалиев Құрылтайдың түпкілікті тізімінен ортақ бір заңдылық байқағанын айтты. Оның пайымынша, сайлау науқанында жұрт назарын аударған популист тұлғалардың басым бөлігі мандатсыз қалып, партиялар кәсіби тәжірибесі бар мамандарға жол ашқан, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаттанушы мұны алғашқы Құрылтай құрамын жасақтау кезіндегі меритократиялық ұстанымның белгісі деп отыр. Сөзінше, бұған дейінгі Мәжілісте жанжалқұмар, дау қуғыш бейім депутаттар аз болмаған. Жаңа парламентті қалыптастыру кезінде партиялар әлгі тәжірибеден сабақ алып, кәсіби білігі мен салалық дайындығы бар үміткерлерді таңдаған.
«Сайлау тізіміндегі атышулы, популист тұлғалардың дені ақырғы мандатқа іліккен жоқ. Партиялар Құрылтай құрамын білікті әрі сарапшылық тәжірибесі бар адамдардан жасақтауға тырысқан тәрізді. Науқан кезінде ел назар аудартуға жараған кейбір тұлғалар парламенттің күнделікті жұмысына қажет болмай қалды», – деді Бақтығалиев.
«Ауыл» популизмнен кәсібилікке бет бұрды
Саясаттанушы ең айқын өзгеріс «Ауыл» партиясында болғанын атап өтті. Қарақат Әбден, Жигули Дайрабаев пен Ерболат Саурықов Құрылтайдан сырт қалды. Мәжілістегі бұрынғы 4 депутаттың арасынан мандатын тек Серік Егізбаев сақтап қалды.
Сарапшының айтуынша, партия популистік сүрлеуге түсіп кететін әлгілердің орнына агроөнеркәсіп кешенін беске білетін мамандарға басымдық берген.
Ақыр соңы, «Ауылдың» атынан Құрылтайға бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі, аграрлық сектор өкілдері, биотехнолог ғалым, ауыл шаруашылығы саласының профессоры мен кәсіби менеджерлер жол тартқан.
Respublica блогерлерге мандат бермеді
Respublica партиясының шешімі де осы бағытпен үндес. Партияның атынан додаға қатысқан блогер Бейбіт Әлібеков пен «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркілен түпкілікті тоғыздыққа енбен жоқ.
Есесіне 9 мандаттың бесеуі VIII сайланған Мәжілісте жұмыс істеген депутаттарға берілді. Қалған орынды кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары және өнеркәсіп, құрылыс пен мұнай саласында еңбек еткен мамандар иеленген.
Бақтығалиевтің бағалауынша, Respublica медиа танымалдықтан гөрі парламенттік және басқарушылық тәжірибені жоғары қойған.
Перуашев пен Әуесбаев та тізімнен тыс қалды
«Ақ жол» жаңа парламентке партияны ұзақ жыл бойы басқарған Азат Перуашев пен Қазыбек Исасыз барады. ЖСДП? Саяси ұйым президент сайлауында партия атынан додаға түскен Нұрлан Әуесбаевқа мандат берген жоқ.
Екі партия да бұрынғы депутаттарға, орталық аппарат пен өңірлік филиал басшыларына, сарапшылар мен кәсіпкерлік орта өкілдеріне таңдау жасаған.
«Әнші, блогер, популист және ұдайы жанжал шығаратын тұлғалар саяси сахнаның сыртында қалды. Меніңше, мұның парламент жұмысына пайдасы көбірек болады. Сайлау шоуы аяқталды, енді Құрылтайдың алдында ауқымды жұмыс тұр», – деді саясаттанушы.
«Әділет» өңірлік тәжірибеге сүйенді
Бақтығалиевтің пікірінше, мұндай қисын «Әділет» партиясының тізімінен де айқын көрінеді. Мұнда кәсіби тәжірибемен қатар өңірлерде жұмыс істеген кандидаттарға айрықша екпін берілген.
Партия ұсынған 110 кандидаттың 26-сы мәслихат депутаты болған. Саясаттанушы мұндай тәжірибені орталық пен аймақ арасындағы кері байланысты күшейтетін маңызды артықшылық санайды.
Оның сөзінше, елдегі заң-закүн көбіне Астананың кабинетінде әзірленеді де, аудан-ауылдың күнделікті тіршілігіне келгенде көзделген нәтижеге жете бермейді. Мәслихат депутаттары тозған инженерлік желі, ауызсу тапшылығы, мектеп жетіспеушілігі, нүктелік құрылыс және жергілікті бюджетті бөлу секілді түйткілдермен тікелей айналысқан.
Олар республикалық субсидиялар мен мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерге жеткенше қай тұста қауқарын жоғалтатынын жақсы біледі. Сондықтан осындай мамандардың Құрылтайға келуі облыстарға бөлінетін трансферттер мен нысаналы қаражаттың жұмсалуына талапты күшейтуі ықтимал.
Тізімнің институционалдық салмағы қандай?
Саясаттанушы өңірлік тәжірибе «Әділет» тізімінің бір ғана қыры екенін айтты. Кандидаттар құрамы мембасқарудың әр деңгейіндегі міндеттерді қамтитындай жасақталған.
Тізімде бұрын Парламентте жұмыс істеген 24 адам бар. Олардың 20-сы Мәжіліс, төртеуі Сенат депутаты болған. Бақтығалиевтің пікірінше, бұл топ су жаңа Құрылтайдың заң шығару жұмысына дереу кірісе алады.
Сонымен бірге тізімге Президенттік жастар кадр резервінің 10 мүшесі, төрт IT маманы және үш эколог енгізілген. Саясаттанушы осы топтан тың идея мен жаңа көзқарас күтуге болатынын айтады.
Әйелдердің үлесі 33,6 пайызды құрайды. Тізімдегі 110 адамның 37-сі әйел. Кандидаттар арасында мүгедектігі бар азаматтар да бар. Бақтығалиевтің пайымынша, партиялар жариялаған құрам Құрылтайдың медиалық мінберден кәсіби әрі технократиялық парламентке көшіп жатқанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







