16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжат қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, адами капиталды дамытуға және азаматтардың кітап оқуға деген қызығушылығын күшейтуге бағытталған. Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі кітапхана саласын жаңғырту, оқырман мәдениетін кеңінен насихаттау және халықтың білім мен ақпаратқа қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Бұл бағытта цифрландырудың маңызы ерекше. Бүгінде ұлттық жазба мұраға қашықтан қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі – Қазақстан ұлттық электронды кітапханасы. ҚазҰЭК порталында кітаптар, сирек құжаттар мен қолжазбалар, мерзімді басылымдар, диссертациялар, архив материалдары, аудио және бейнежазбалар, карталар мен басқа да цифрлық ресурстар жинақталған.
2026 жылдың басынан бері электронды кітапхана материалдарын қарау саны 3,6 миллионнан асты. Қашықтан пайдаланушылар саны 295 116 адамға жетті. Ал электронды көшірмелерді жүктеу көрсеткіші 891 551-ді құрады.
Осы кезеңде ҚазҰЭК қорына 2 506 цифрлық көшірме енгізілді. 437 құжат өңдеуден өтіп, 127 555 бет сканерленді. Қазір электронды кітапхананың жалпы қорында 86 315 құжат бар. Оның ішінде 10 мыңнан астам цифрландырылған қолжазба мен сирек кітап сақталған.
Электронды кітапхана қызметін әлемнің 122-ден астам еліндегі оқырман пайдаланады. Порталға Қазақстан, Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және Қырғызстан тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр. Электронды құжаттар әлемнің 70 тілінде ұсынылған.
ҚазҰЭК-тегі материалдарды тіркелусіз еркін қарауға болады. Порталда «Мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген кітаптар», «Сирек құжаттар мен қолжазбалар», «Түркітілдес елдер кітапханасы» секілді тақырыптық жинақтар бар.
Алдағы уақытта бұл жұмыс Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру арқылы жаңа деңгейге көтеріледі. Бірыңғай платформа электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстарын және заманауи сервистерді біріктіреді.
Нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жеріне қарамастан отандық әдебиетке, ғылыми басылымдарға, сирек кітаптарға және архив материалдарына еркін қол жеткізе алады. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін дамытуға ғана емес, ұлттық мұраны сақтап, оны жаңа буынға қолжетімді етуге де жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







