Ақтаудағы ұшақ апатынан 6 қазақстандық жан тапсырды. ErtenMedia.kz марқұмдар туралы ақпаратты жинап шықты.
Ұшақ апатынан қаза тапқандардың арасында Маңғыстау облысының тумасы бар. Ол — Бауыржан Жұмағұлов, 1985 жылы дүниеге келген. Ол Жаңаөзен қаласынан.
Бауыржан Жұмағұлов ҚазМұнайГаз-дың еншілес компаниясы «Өзенмұнайсервис» ЖШС-ның жұмысшысы, 4-ші дәрежелі бұрғышының көмекшісі болған. Компания мәліметінше, марқұм мұнда 2008 жылдан бері еңбек еткен, өзін адал және білікті маман ретінде көрсеткен.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сүйенсек, марқұмның артында жұбайы мен 6 баласы қалған
Қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан тағы бір қазақстандық — маңғыстаулық Галина Махсудова. Ол 1978 жылы дүниеге келген, Ақтау қаласының тұрғыны. Ресми органдар марқұм туралы ешқандай ақпаратты жария етпеді, дегенмен БАҚ-та оның кәсіпкер болғаны, саудамен айналысқаны жазылып жатыр.
Ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі — Сәндібек Төлесінов. Ол 1988 жылы дүниеге келген, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы.
Сәндібек Төлесінов «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның мердігер ұйымы «МұнайФилдСервис» ЖШС механикалық-энергетикалық бөлімнің инженері болып жұмыс істеген. Компания мәліметінше, марқұм бұл салада 16 жыл еңбек еткен.
БАҚ пен әлеуметтік желіде марқұмның артында жұбайы және 4 баласы қалғаны туралы ақпарат тарады.
Ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі — Шаймерденова Гауһар Жұмағатқызы. Ол 1975 жылы дүниеге келген, Алматының тумасы. Астанада тұрған.
Гауһар Шаймерденова нотариус болып жұмыс істеген. БАҚ мәліметінше, марқұмның артында бір ұлы қалған. Жақындары оның өте мейірімді, қамқор, ұқыпты, шынайы жан болғанын, саяхаттауды жақсы көргенін айтады. Ол бұл ұшаққа кенже ұлымен бірге отырған.
Эльдар Жұмағат — Гауһар Шаймерденованың ұлы. Ол 2013 жылы дүниеге келген, 11 жаста болған. Астана тұрғыны. Мұғалімдердің айтуынша, Эльдар дарынды, мейірімді әрі еңбекқор бала болған.
Қостанай облысының тумасы Сәлима Жутаева 1995 жылы дүниеге келген, 29 жаста болған. Ол Қостанайда стоматолог болып жұмыс істеген. Сәлима Жутаева трагедиядан үш күн бұрын Instagram парақшасында әзербайжан тілінде «Сен жаңбырдағы күн сияқтысың» деп жазба жариялаған.
Сәлима Жутаеваның парақшасында оның стоматолог екені және саяхаттауды ұнататыны жазылған. Сондай-ақ, Қостанай мен Грозный қалалары көрсетілген. Қыздың парақшасында кәсіби жұмысын көрсететін көптеген сурет бар.