«Ақ жол» мен Respublika-ның арасындағы айтыс-тартыс желінің шеңберінен шығып, көшеде де көрініс бере бастады. Күні кеше желіде тараған, «Ақ жолдың» көк пілі мен оған қарап шәуілдеп тұрған кәндек иттің бейнесі соған дәлел деп жазады Ertenmedia.kz.
«Өз орныңды біл, қанден» деп жазылған атышулы муралда Re деген белгісі бар, Respublika-ның логосы анық көрінеді.
Екі партия да оңшыл-либералды, екеуі де бизнестің, орта таптың сойылын соғады. Ондаған жыл бойы осы алаңда дара билік жүргізген ауыр салмақты «Ақ жол» өзінің институционалды салмағын жоғалтқысы жоқ, заң шығарудағы жылдар бойы жиналған ықпалын сақтап қалу үшін жанталасуда.
Төңірегіне кілең блогер мен инфлюенсерді, рилс түсіретін маркетологтарды топтастырған, PR-шоу, вирустық контентті жақсы меңгерген Respublika сайлаушыға том-том құжаттан гөрі қарапайым, ұғынықты, әлемжеліге сыйып кететін ықшам идеяларды ұсынуда.
Бұлардың электораты заң кодексін оқымайтын, табысты кейстерге, әлемжелідегі харизмаға және жедел нәтижеге сенетін жаңа буын кәсіпкерлер деуге болатын шығар.
Қабырғаға салынған мурал арқылы «Ақ жол»: «қазіргідей алмағайып кезеңде айғайлайтын қанден емес, сабырлы, салмақты, мемлекетпен сөйлесе алатын піл керек» дегенді меңзегісі келгендей. Біздіңше Respublika әлгі ишараны жауапсыз қалдырмайды.
Мұндағы басты интрига, піл қанденді та таптап өте ме, әлде қанден пілді үркітіп, сахнадан ысырып тастай ма? Оны тек уақыт пен сайлау жәшігі көрсетеді.
Дереккөз: Ertenmedia телеграм арнасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






