Алматы тау кластерінде көлік қатынасын жаңарту және Көкжайлау бағытына жеке көліктердің кіруін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматыны дамыту орталығы жанындағы жобалық кеңсенің «Көлік жүйесін дамыту» бағытын іске асыру тобының жетекшісі Артур Шахбазянның айтуынша, жаңа көлік тұжырымдамасы жеке автокөлікке тәуелділікті азайтып, қоғамдық көлік пен шаттл жүйесін күшейтуге бағытталған.
Маман соңғы үш жылда Алматы агломерациясының көлік жүйесін дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, мәселе тек Көкжайлаумен шектелмейді, тұтас Алматы тау кластерінің көлік қолжетімділігіне қатысты.
2024 жылы Кіші Алматы шатқалының көлік қолжетімділігі тұжырымдамасы әзірленген. Ал 2025 жылы Туризм басқармасы Үлкен Алматы шатқалы бойынша бөлек концепция дайындаған.
«Бұл тұжырымдама жеке автокөліктердің кіруін шектеуді, бірақ қоғамдық көлік арқылы қолжетімділікті арттыруды көздейді», деді Артур Шахбазян.
Жоба аясында қала ішінде және тау бағытындағы жолдардың бойында перехваттық тұрақтар салу жоспарланған. Қалаға жақын орналасатын тұрақтар кең әрі қолжетімді болуы тиіс. Жүргізушілер жеке көлігін сол жерге қалдырып, ары қарай шаттл немесе қоғамдық көлікпен қатынай алады.
Жоспар бойынша, тау бағыттарына 30 адамға дейін сыятын шаттлдар мен электрлі шағын автобустар қатынайды. Олар туристік инфрақұрылыммен қатар іске қосылмақ. Шаттлдар кемінде әр 10 минут сайын жүруі керек. Сонымен қатар 12, 21, 28 және Үлкен Алматы шатқалына қатынайтын 211 бағыттағы автобустардың жұмысы күшейтіледі.
Жаңа кіреберіс жолдар салынғанымен, олар барлық жүргізушіге ашық болмайды. Бұл жолдар шаттлдарға, қоғамдық көлікке және курорт инфрақұрылымына қызмет көрсететін техникаларға арналған.
Артур Шахбазянның айтуынша, негізгі мақсат – тауға апаратын жолды шексіз кеңейту емес, көлік ағынын дұрыс басқару. Қазір таулы аймақтарда қозғалыс жүйелі реттелмегендіктен, кептеліс жиі туындайды.
«Кептеліс көлік саны көп болғандықтан емес, қозғалыс дұрыс ұйымдастырылмағандықтан пайда болады. Сондықтан негізгі міндет – ағынды дұрыс басқару», деді ол.
Маман бұл шешімдер Көкжайлау мен Алматы тау-шаңғы курорты жобасын әзірлеп жатқан тараптармен бірге талқыланып жатқанын жеткізді.
Алматы үшін тау бағытына көлік жүйесін дұрыс ұйымдастыру экологиямен де, қауіпсіздікпен де, туризм сапасымен де тікелей байланысты. Егер жеке көлік ағыны реттеліп, шаттл жүйесі тиімді жұмыс істесе, тау аумағындағы кептеліс азайып, табиғи аймақтарға түсетін қысым төмендеуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







