Қонаев қаласында Алматы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жаңа ғимараты салынып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін нысан іргетасына уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Жаңа кешен Алматы облысындағы құқықтық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздік саласының инфрақұрылымын күшейтуге бағытталған.
Жоба бойынша 2 гектар жер теліміне 5 қабатты әкімшілік ғимарат салынады. Сонымен қатар заттай дәлелдемелерді сақтау қоймасы, спорт зал, шағын футбол алаңы, бақылау-өткізу пункті, фронт-офис, саптық алаң және автотұрақ қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 11 ай бойы жүргізіледі.
Салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы Әлібек Төлепбергенов қатысты. Олар ғимарат іргетасына уақыт капсуласын салды.
Марат Сұлтанғазиев жаңа нысан құрылысының басталуы өңірдегі заң үстемдігін нығайту және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы еліміздің қауіпсіздігі мен заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жоба өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып қана қоймай, қаржылық қауіпсіздік саласындағы қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа кешен заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасайды. Ол уақыт капсуласын салу рәсімін болашақ ұрпаққа жолданған сенім мен жауапкершіліктің белгісі деп бағалады.
«Бұл нысан адалдық пен әділдік қағидаттарына қызмет ететін маңызды орталықтардың біріне айналады деп сенемін», деді Марат Сұлтанғазиев.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары толық аяқталған. Үш блокты ғимараттың екеуінің іргетасы қаланып бітті. Нысанда 12 техника жұмыс істеп тұр, 20-ға жуық адам еңбек етуде. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 130 адамға дейін көбейеді.
Құрылыс келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Жаңа ғимарат пайдалануға берілген соң Алматы облысындағы экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл, қаржылық тәртіпті қорғау және азаматтарға қызмет көрсету жұмыстары неғұрлым жүйелі әрі заманауи жағдайда жүргізілмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







